Қазақ тарихындағы зобалаң: бүгін - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Сағыныш Сардарова 31 мая 2024 15:07 2624

Бүгін - саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы бекітілген болатын. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отырғанын" мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз", - деді Мемлекет басшысы.

Деректерге сүйенсек, қуғын-сүргін жылдары ішінде Қазақстан аумағында құрылған лагерьлерге 5 миллионнан аса адам жіберілген.

Сонымен қатар, Қазақстанда 125 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілгені туралы деректер бар.

Жазықсыз жазаланғандардың қатарында алаш зиялылары - Ә. Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров сынды қайраткерлер бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырған. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан "АЛЖИР" лагерінде азапталды.

1993 жылы "Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау" туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды.

Ал бүгін Алматыда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында 1931-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Іс-шара "Қарағайлы" скверінде өтіп, Қазақстанның жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының, "Әділет" тарихи-ағартушылық қоғамының басшылары мен 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шаниннің немересі Райхан Шанина сөз сөйледі.

Гүл қою рәсіміне қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтары, қала халқы, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен жастар ұйымдарының өкілдері де қатысты. Қатысушылар қуғын-сүргінге ұшырағандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының доктор Еркін Әбіл ашаршылық қолдан ұйымдастырылған деген пікір білдірген еді. Астанада өткен дөңгелек үстелде "биыл репрессия мен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы комиссияның жұмысы аяқталды. Ең алдымен, ақтау алгоритмі жақсартылды. Екіншіден, бұрын құпия болған құжаттардың беті ашылып, Президент архивіне берілді. Бірақ комиссия өз жұмысын аяқтаса да, зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғаспақ", - деді ол Астанада өткен дөңгелек үстелде.

Тарихшы ашаршылық саяси құрал болғанын айтқан болатын.

"Халықты кәмпескелеу, саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық - Кеңес үкіметінің саяси құралы. Ашаршылық соның сатыларының бірі десек болады. Сондықтан мен зерттеуші ретіндегі ашаршылықты қолдан жасалған деп есептеймін", - деді Еркін Әбіл.


Рекомендовать
Последние новости