Әкімдер рейтингі: Шөкеев топ бастады, Көлгінов "ең ашық әкім", Ахметов көш соңында 

Dalanews 09 июл. 2021 06:32 1060

“Стратегия” саяси зерттеулер орталығы әкімдердің өткен 6 айда атқарған жұмысын сүзгіден өткізіп, рейтингін түзді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Орталық мамандары әкім-қаралардың қарым-қабілетін келесідей критерийлер бойынша бағалапты:

  •  Халықтың аймақ басшысының жұмысына қаншалықты көңілі толады?

  • Саясаткер ретінде ертеңгі күні өсу-өрлеу мүмкіндігі бар ма?

  • Аймақтың экономикалық жағдайынан қаншалықты хабардар: ісмер ме, іскер ме?

  • Өңірдегі ішкі саяси ахуалды қаншалықты назарында ұстауда (аймақтағы кландардың текетіресінде тепе-теңдік сақтауда қандай амал-әдіске жүгінеді)?  

  • Ашықтық деңгейі қаншалықты, төртінші билік өкілдерінен тартынып жүре ме, әлде ашылып сөйлеуге бейім бе? Әлемжелідегі белсенділігі қандай? 


“Стратегия” сарапшылары әкімдердің әлуетін 7 баллдық деңгеймен бағалаған екен. 



Биылғы жылдың алғашқы ширегіндегі аламанда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өзгелерден оқ бойы озық келіпті. Рейтингтің өткен жылғы үздігі БҚО әкімі Ғани Есқалиевты артта қалдырған Шөкеев қандай қабілетімен дараланды? Топ бастайтындай не тындырды, не бітірді? 

“Облыс орталығындағы құрылыс сапасына қатысты скандалға тап болып, дауға қалғанына қарамастан өз позициясын мықтай түсті.

Шөкеев шаруақор әкім, мықты кризис-менеджер. Алайда оның да сыналар шағы алда. 


Облыстағы мега-жобаларға құйылып жатқан аста-төк инвестицияны орнымен жұмсап, дұрыс арнаға бағыттау міндеті тұр” – дейді “Стратегия” сарапшылары. 



Орталық мамандары “Шөкеевтің “ақпараттық ашықтығы” ақсап тұр” деп санайды. Оған осы санатта төмен баға қойылған екен. 



Осы орайда "Стратегиядағылар" Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті ерекше атап өтіпті. 

“Тұрғындарға Көлгіновтың “ақпараттық ашықтығы” ұнайды.

Қала халқының тарапынан сынға ұшыраса да мұны қалыпты дүние деп қабылдайды. Сыннан сабақ алуға тырысады.


Ақпарат құралдарының алдында әрдайым ашық, төртінші билік өкілдерімен пікір алмасуға әркезде әзір тұрады”, – дейді сарапшылар. 



Шөкеевтен кейінгі сатыға БҚО әкімі Ғани Есқалиев жайғасыпты. “Стратегиядағылар” Есқалиевтың жұмысындағы ақауларды жіпке тізіп, “бір кездері рейтингтің көшін бастаған әкім соңғы кезде тым босаңсып кетті” деген тоқтамға келіпті. 

БҚО әкімі “Аймақ экономикасын дамытуда” бұрынғы іскерлігі мен ісмерлігінен айырылып алған. 

Тиісінше, “Тұрғындардың аймақ басшысының жұмысына қаншалықты көңілі толады?” деген пунктіде біраз позиция жоғалтқан. 


Өңір халқының аймақ басшысына айтары бар, қарапайым халықтан алыстап кеткеніне қапалы. 

“Есқалиев халықтың мұң-мұхтажына көңіл бөлуді қойды. Өңір тұрғындарының талап-арызына құлақ асып, індет ауа жайылған шағында керекті, қажетті заттармен қамтамасыз етуді ұмытты.

Есқалиев? Қазір ол ешкімге керегі жоқ, есеп берумен айналысып жүр. Аймақтағы мектептерге не жетіспейді, медицина қызметінің сапасы сын көтере ме, өңірдегі экологиялық ахуал қашан түзеледі, инфрақұрылым бағытында не атқарылып, не тындырылды. 

Әкім бірінші кезекте назар аударуға міндетті мәселелер сылдыр сөз бен құрғақ есептің қалқасында қалуда”, – дейді сарапшылар.



Одан кейінгі орынға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жайғасқан екен. Оның үшінші орынға бір-ақ ырғуын мамандар “жас келсе, іске” деген пайыммен байланыстырып отыр.



СҚО әкімі Құмар Ақсақалов 4-ші орынға табан тірепті. 

“Бұл өңір еліміздегі ең кедей аймақ. Облыстың мәселесін шешуге Ақсақаловтың қолындағы бюджет аздық етіп отыр. Соған қарамай орыстілді аудитория жаппай теріскей өңірге ауып жатқан аймақты қолынан келгенше гүлдендіруге тырысуда”, – дейді “Стратегия” орталығы. 



Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Жамбыл облысының басшысы Бердібек Сапарбаев тиісінше 5-ші және 6-шы орынға тұрақтапты. 

“Баталов? Ол өңірдің ішкі саяси ахуалын жетік біледі. Аймақтағы аузы дуалы азаматтарды төңірегіне топтастырып отыр. Өңірдің экономикалық жағдайынан да өте жақсы хабардар.


Сапарбаев? Ол өзі басқаратын өңірдің экономикалық әлуетін әбден зерделеген. Ілгерідегі әріптесі секілді өңірдің ішкі саяси ахуалын бес саусағындай біледі. Бірақ, Бердібек мырза біраз жасқа келіп қалды. Оның саяси мансабы Жамбыл облысымен тәмәмдалуы мүмкін”, – деген екен орталық сарапшылары. 

Бұдан бөлек Сапарбаевтың аймақтағы ұлтаралық ахуалды бақылаудан шығарып алғанын айтады. Соның салдарынан, түнеукүнгі жанжалдан кейін құқық қорғау органдары арасында өңірдегі дұнғандарға қатысты теріс пікір қалыптасқан.



Көш соңында келген әкімдер арасында Маңғыстау облысы мен ШҚО әкімі “көш бастап” тұр.

Сарапшылар Серікбай Тұрымов пен Даниал Ахметовтың жұмысына жергілікті тұрғындардың мүлде көңілі толмайды деп пайымдайды. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ 


 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости