Әкімдер рейтингі? Бір грамота тапсырып, желіде «қаһарманға» айналатын әкімдер бар

Dalanews 21 июн. 2022 13:32 850

Күні кеше ел төріндегі Орталық коммуникациялар қызметінде есеп беріп, журналистер сауалына жауап қайтарған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімдер рейтингіне күмәнмен қарайтынын бүкпесіз жайып салыпты.

Сөзбе-сөз келтірсек, тәжірибелі басшы былай деген екен: «Кез келген рейтингке байыппен қараймын, өйткені кімнің әуені ойнайды, кім тапсырыс береді, ол қалай жүзеге асады оны жақсы білемін. Мұның бәрі белгілі әрі жасанды. Мен үшін нәтиже өте маңызды.

Өмірбаянымды бәрі біледі. Өз қызметімді атқарып жүрмін. Бастысы, нәтиже. Кім қалай бағалайды, қандай балл қояды оған мен мән бермеймін. Мен тек бір облыста ғана әкім болған жоқпын. Бұл салада тәжірибем бар. Мәселен, Қостанай облысының әкімі болған кезде осындай дүниелерге икемі мен қызығушылығы бар азаматтар: «Біз сізге рейтинг жасайық, алға жылжытайық, сіз бізге көмектесіңіз» деп келетін. Бұл жағымсыз әрекет. Осындай жағдай бірнеше рет қайталанғандықтан, менің көзқарасым да оған теріс. Егер әлдебіреу соған сенгісі келсе және сол рейтингтің басы-қасында болғысы келсе, өз еркінде».

«Стратегия» қоғамдық қоры жасаған әкімдер рейтингінде оныншы орынға жайғасқан Өмірзақ Естайұлы осылай депті. Ашуланыңқырап айтыпты Өмекең. «Өмірбаянымды бәрі біледі» деуі де бекер емес-ау…


Иә, Өмекеңнің өмірбаянына үңілсек, ұзын-сонар рейтингтегі оқ бойы озған әріптестерінің көпшілігі онымен салыстырғанда тым қораш көрінеді (ел Үкіметін басқарған Даниал Ахметовтің жөні бөлек). Басқарма басқарып немесе орынбасар болып жүріп, орталық құрылымдардан болмаса депутаттық корпустан әкім орынтағына жайғасқандар – бұрын үлкен ұжым, мекеме басқарып, тәжірибесі толыспаса да «сеніп тапсырған соң тәуекел еткендер» – мемлекеттік басқару жүйесінің барлық буындарында мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Өмірзақ Естайұлымен бәсекеге түсіп, рейтингке таласып жатуының өзі әбес сияқты біз үшін. «Кеше ғана кеңседе қағаз тасып жүр еді, енді бүгін әкім болды» деп халық ондайларды онша жарата қоймайды.

Мәскеуде оқу бітіріп, экономист мамандығын алған Өмірзақ Шөкеев тәуелсіздіктің елең-алаңынан еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет етіп келеді. Қазақы қасиеті сақталған ортадан шыққан, обал-сауапты білетін Өмірзақ Естайұлы бос сөздің емес, істің адамы. Алаулатып-жалаулатқанды ұнатпайтын мықты шаруақор.

Қысқасы, нақты нәтиженің, шаруаның адамы. Бір грамота тапсырып, ақпарат құралдарында үш күн бойы «қаһарманға» айналатын қасиет жат ол кісіге. Елімізде әкімдік жүйе құрылғанда ғылымнан билікке ауысып, Шымкент облысы әкімдігінің алғашқы басшысы болған академик Марс Үркімбаев тұсында Өмірзақ Естайұлы сол кездегі астана – Алматыдан оңтүстікке ауысып, ешкім мән-жайын түсіне қоймаған аймақтық мемлекеттік меншік мекемесін басқарды. Сол кезден біледі екенбіз. Көп ұзамай әкім орынбасары, ал 31 жасында Экономика министрі болып тағайындалды.

Содан бері аттан түспей, етігімен су кешіп еліне қызмет етіп келеді. Еліміздің бас қаласынан өзге Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарын басқарды, қайтадан министр болды, содан Үкімет басшысының бірінші орынбасары, ең үлкен экономикалық құрылым – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқарды, одан кейін тағы да өңірге аттанды.


Өмекең туған жерге қайта келгенде Арыс қаласында әскери қойма жарылып, шаһар тұрғындары едәуір зардап шекті, одан Мақтааралда қаншама үйді су шайды, сол тұста індет те бой бермей өршіп кетті, кісі өлімі көбейді. Жұрт шын қиналған, жабыққан кез еді.

Міне, осы тұста Өмекең өзі бастап бүкіл командасы галстукты шешіп тастап, етік киіп, күн-түн демей ел ішінде, оқиға ортасында жүрді. Сонымен қатар ең басты міндет, тапсырма – көне шаһар – киелі Түркістанды түлету, жаңғырту, жайнату, туризм ордасына айналдыру жұмыстары да бір сәтке толастаған жоқ. Ал сіздер рейтинг дейсіздер…

Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Атырау, Маңғыстау облыстары ғана ел бюджетіне қомақты қаржы аударатын, яғни донор өңірлер. 1997 жылға дейін осы қатарда Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе облыстары да бар еді, яғни донор өңірлер қатарында болатын. Сол тұста бұлардың бірқатары жерін кеңейтіп, жұртын көбейтіп іріленген соң табыс бөлінді, кіріс төмендеп кетті деген себеп айтылуы мүмкін. Енді қайта бөлінген соң жағдай басқаша сипат алады деген үміт бар.

Ал Павлодар мен Ақтөбеге не жорық? Павлодар өңірінде елдегі көмірдің 70 пайызы, электр энергиясының 40 пайызы өндіріледі, жерасты толған қазына, мұнай өңдеу зауыты, алюминий, электролиз зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, «Богатырь» көмір бірлестігі сияқты өндіріс алыптары орналасқан, 750 мыңдай ғана халқы бар өңір республика бюджетіне телміріп отыр дегенге сенесіз бе?

Миллионға жетпейтін тұрғыны бар алып аймақ – Ақтөбе болса хром қорынан ТМД елдерінде бірінші, ал әлемде екінші орын алады екен. Еліміздегі хромның 100 пайызы, никельдің 55 пайызы, титанның 40 пайызы, фосфориттің 34 пайызы осы өңірде өндіріледі, 340 кен орны бар. «Қазхром», ферроқорытпа зауыты, «Ақтөберентген» сияқты өндіріс алыптары шоғырланған аймақтың ел бюджетінен қаржы сұрап отырғаны жарасымды ма? Осы өңір басшылары рейтинг қуғанша ел қазынасына қаржы құятындар қатарынан табылуға неге тер төкпейді?

Өндірісті өңірлердегі жекешеленіп кеткен алып кәсіпорындар корпоративті салықты тікелей республика бюджетіне аудара ма, ол өзі шынайы есепке құрылған ба, әлде табыс баз бір аралдарда тіркелген есепшотқа кетіп жатыр ма, «Жаңа Қазақстан» Үкіметі шындап қолға алып, тәртіпке келтіретін өзекті мәселе – осы.

Әрине, әкімдерді ынталандырып, кім алда, кім артта деп қамшылап отыру үшін рейтинг жүйесі қажет те шығар, бірақ оның өлшемдеріне де жаңаша талап қойған жөн сияқты. Біз жоғарыда сөз еткен «Стратегия» қоры өлшем ретінде «Жұртшылықтың көңіл-күйі, ақпараттық ашықтық» деген категорияларды қосқан көрінеді. Біздің әкімдердің нақты нәтиже шықсын, шықпасын әлеуметтік желілерде әйтеуір бір көрініп қалуға, лайк жинауға әрекеттенетіні, өзі басқарып отырған өңірден у-шу шықпаса деп блогерлер «көмегіне» зәру болатын тұсы осы екен.

Мемлекет басшысы осы мәселені Ұлытау төрінде бекер көтерген жоқ. «Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер мен масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді деп» кесіп айтуы тегін емес.


«Ойбай, артық әңгіме шықпасын, ойбай, у-шу болмасын, рейтингке кері әсер етеді» деп әкім қаралар қазір соларды төрге шығарады, соларға жағдай жасайды. Өңірдегі мәселелерді орнымен, байыппен қозғап жатқан дәстүрлі БАҚ-тың сындарлы, салиқалы пікірін көзге іле қоймайды. Заман сондай болып тұр… Құндылықтар құлдыраған кезең болды.

Әйтпесе ел басшысы өңір тағдырын сеніп тапсырған тұлғаға уақытша ұпай жинайтын бәсеке емес, елді алға сүйрейтін, халқына көмегі тиіп, алғысын арқалайтын шынайы көрсеткіш, нақты нәтиже қажет қой. Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды» деп бекер айтпаса керек. Өңірдегі басшылар осыны түсінді ме?! Түсінбесе, әкімі озған, өңірі тозған аймақтар азая қоймас…

Еркін ҚЫДЫР, журналист

Дереккөзі: Астана ақшамы газеті 

Рекомендовать
Последние новости