Әкім қазыналы қарттар мен ардақты ардагерлерге құрмет көрсетті

Жарбол Кентұлы 01 окт. 2024 22:03 1645

Түркістанда 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңадан бой көтерген «Достық үйі» ғимаратында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлермен жүздесіп, еркін пікір алмасты. Өңірді дамыту жұмыстары мен көрсеткіштерге тоқталып, бұл игі жетістіктерде қазыналы қарттарымыздың да үлесі мол екенін атап өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Сіздерді бүгінгі Халықаралық қарттар күнімен, мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құтттықтаймын! Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ежелден келе жатқан салтымыз. Сіздер отаншыл болмыстарыңызбен, аталы сөздеріңізбен ел бірлігін сақтауға үлес қосып жүрсіздер. Аға буынның мемлекетіміздің қалыптасуына, елдің барлық бағытта тұрақты дамуына, қоғамдағы ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі зор. Әсіресе, қайта жаңғырған Түркістан облысының жаңа тарихында есімдеріңіз құрметпен аталары анық. Өткен аптада Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, аймақтағы жұмыстарды жоғары бағалады. Аға буынмен, зиялы қауыммен жүздесіп, ауызбіршілікті сақтап келе жатқан ардагерлерге алғыс білдіріп, еңбекқорлықты насихаттауға шақырды. Сіздер осы ұстанымға сай болып, еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосып келесіздер. Осы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! – деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысының бастамасымен «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына ұсынылды. Аталған заң, Түркістанның тарихи келбетін, Яссауи кесенесін сақтау, қаланың рухани бағытта өркендеуінің кепілі болмақ. Осы игі бастамаларды жүзеге асыруда ардагерлердің ақыл-кеңесі мен тәжірибесі назарға алынатынын атап өткен Дархан Сатыбалды бір топ ардагерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, «Түркістан облысының Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Түлкібас аудандық Әжелер алқасының төрайымы Күлбибі Ешенқұлова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Төлеби аудандық филиалының төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтар бәтуалы ойлар айтып, өңірді дамыту, ел бірлігін сақтау, руханият, ардагерлерге қолдау көрсету бағытындағы пікірлерін білдірді.

Кездесу салтанатты іс-шараға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Мерекелік дастарқанда концерт тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі еленген ардагерлерге алғыс хат табыстады. Жиын барысында бірқатар ардагер облыстық мәслихат пен «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының атынан марапатталды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ізгі лебізін білдіріп, төсбелгілер тапсырды. Облыстың 150-ден астам зейнеткер мен ардагер қатысқан мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония мен «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Самғау» би тобы өнер көрсетті.

Түркістан облысында зейнеткерлер мен қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу тапсырылған. Осы аталған жоспарды іске асыру аясында бүгінгі таңда облыста 15 орталық ашылып, 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Түркістан қаласында осындай орталықтарға сұранысы көбеюіне байланысты қаланың көрікті жерлерінде 3 орталық зейнеткерлерге қызмет көрсетуде. Бұл орталықтарда қарияларға барлық жағдай жасалған.

Жалпы облыста 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагерлер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар 100 жастан асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ішінде жасы ең үлкені – Жетісай ауданының 110 жасқа толған тұрғыны Бегбаева Унгай. 

Облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Сол демалыс орындарының бірі – «Ардагерлер үйін» Түркістан облысына көшіріп, келесі жылы ардагерлерді қабылдау көзделіп отыр.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын бұл мереке салтанатты түрде аталып өтеді. Түркістан облысының да барлық аудан, қаласында мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлер ардақталуда.


Рекомендовать
Последние новости