Әкім берген тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Dalanews 06 июн. 2019 05:59 897

Таяуда Алматы облысы әкімі Амандық Баталов облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралау барысында қала маңындағы тұрғын аудандар мен саяжайларға да барды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Ынтымақ-3» тұрғын ауданына атбасын бұрған облыс әкімі тұрғындарымен кездесіп, тұрғын ауданның мәселелерін талқылады, олармен бірге проблемалық жерлерді аралап, олардың шешімі туралы тұрғындарға баяндап берді.

Бұған дейін ақпан айында осы тұрғын ауданды аралағанында облыс әкіміне тұрғындар жол жөнделсе, су және электрмен қамту мәселелері шешілсе деген өтініштерін айтқан болатын. Сол кезде Амандық Баталов айтылған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берген.

Бүгінгі күні сол жұмыстар қарқынды атқарылып жатыр. Желтоқсан көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталған, оған 161 млн. теңге бөлінген, жолға асфальт төселеді. Ауданның ұзындығы 30 шақырым болатын 31 көшесіне биылғы жылы жергілікті бюджеттен 655 млн. теңге қарастырылып отыр.

Жуық арада сумен қамту мәселесі де шешіледі. Екі аптадан соң барлық қажетті тексеру жұмыстарынан соң «Ынтымаққа» су қосылады. Жобаның жалпы құны – 203,4 млн. теңге, жүйенің ұзындығы – 16,1 км.

Өткен жолы тұрғындар электр жарығының жиі өшетінін айтып шағым білдірген. Бұл мәселенің де түйіні тарқамақ. Электрмен қамту жүйесінің жалпы ұзындығы 20 км, жобаның құны – 289,5 млн. теңге. Қазіргі кезде жұмыстардың 84 % аяқталды, шілденің соңына қарай жаңа трансформатор қойылады.

Ынтымақтықтар осы жолы облыс әкімінен үйге су кіргізу мәселесін шешуді сұрады. Олар әрбір үйге су кіргізу ақысын үй иесі өзі төлейтінін білетіндіктерін, тұрғын ауданда тек бір ғана трактор болғандықтан, кезекті ұзақ күтуге тура келетінін және жалғыз трактор жұмыс ақысының құнын тым шарықтатып жібергенін айтты. Амандық Баталов қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа жұмысты қолжетімді бағада жылдам әрі сапалы атқаратын мердігер компания табуды тапсырды. Бұл жерде автобус қатынасы жағынан да проблемалар туындап жатады. Бұл мәселені бақылауға алу мен қысқа мерзімде шешу қала әкіміне жүктелді. Сол сияқты даму жоспарына сәйкес мұнда алдағы уақытта балабақша, мектеп, ауылдық дәрігерлік амбулатория салынады.

Мұнан соң облыс әкімі «Жастар - 2» тұрғын ауданына барды. Мұнда да сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін төсеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Жол жөндеу мәселесі де шешімін тапты. Тұрғын ауданда қазір 13 көше бар. оның 2-еуі – Нұрлы жол мен Қонаев көшелері асфальтталады, оған 82 млн. теңге бөлінді. Қалған 11 көшеге қиыршық тас төселді, оған 150 млн. теңге қарастырылды.

Қараша айына қарай сумен қамту жолға қойлады. Қазіргі кезде 20,8 шақырымның 15,3 шақырымы тартылған. Жұмыстар 73,5 % атқарылды.

Сыртқы электрмен қамту жүйесі де жасалуда, қыркүйек айында жұмыстар аяқталуы тиіс. Тартылуы тиіс 52,3 шақырымның 30,5 шақырымы тартылды. Жобаның жалпы құны – 364,1 млн. теңге.

Кәріз жүйелерін төсеу жалғасып жатыр. Оның жалпы ұзындығы 9,2 км.

Тұрғын ауданда 900 орындық мектеп салынады, оны жобалауға конкурс жарияланды.

Ал «Шайқорғанға» газ әкелінді, жақын күндері саяжайлықтар өз үйлерін көгілдір отынмен жылытатын болады. Электрмен қамту жұмыстары аяқталып қалды. Қазір үйлерге есептегіш құралдар орнатылып жатыр. Газға қосылған абоненттер саны – 622. Трансформатор мен Набережная көшелеріне асфальт төсеуге 81 млн. теңге бөлінді. Су құбыры жүйелері де төселуде. Жалпы ұзындығы – 13,1 км.

Ақпан айында облыс әкімі тұрғындардың өтініші бойынша «Қызыл тас» саяжайын қаламен жалғастырып тұратын жаңа көпір салуды тапсырған. Сол сияқты № 14 автобустың соңғы аялдамасы маңына екінші көпір салу да жүктелген болатын. Осы екі нысанның құрылысына тендер жарияланып, жобалық-зерттеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Сонымен бірге тұрғындардың өтінішімен соңғы аялдама орнатылды.

Саяжайларды аралап, бірқатар тапсырмалар берген облыс әкімі Амандық Баталов:

– Бүгін қала шетіндегі аудандар мен саяжайларды тағы бір аралап шығып, бұған дейін берген тапсырмаларымның орындалу барысымен таныстым. Инженерлік желілер дер кезінде тартылмағандықтан, тұрғындар су мен электр желілеріне қол жеткізе алмай отырды. Барлық талаптар мен нормалар ескеріле отырып, менің тапсырмаларым бойынша жұмыс жасалып жатыр. «Ынтымақ-3» тұрғын ауданының проблемалық мәселелерін шешудің өзіне ғана жергілікті бюджеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. «Шайқорғанға» газ келді. Әлеуметтік нысандар салудың қажет екенін де естен шығармаймыз. Біз барлық қажетті инфрақұрылымды дамытуды жалғастыра береміз, – деді А. Баталов.

 

Рекомендовать
Последние новости