Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады – Президент

Dalanews 17 июн. 2023 06:24 1925

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруы керек екенін айтты, – деп хабарлайды Aqorda арнасы.

– Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады.

Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады.

Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс»


Өз сөзінде Мемлекет басшысы мемлекеттік нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтіру керек екенін алға тартты.

– Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.


Мен жақында Ассамблея сессиясында еліміздің Геральдика белгілерін жетілдіру қажеттігі туралы айттым. Алдымен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге келтіру керек деп санаймын. Қазір олардың көбінің мазмұны және пішіні – әркелкі. Соған байланысты қоғамда жиі сын да айтылады. Бұл салаға мұқият талдау жасап, ортақ ұстанымдар әзірлеу қажет.

Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн. Енді, мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар, – деп Мемлекет басшысы көкейде жүрген ойын ортаға салды.

Рекомендовать
Последние новости