Әдебиет саласында алғашқы Нобель сыйлығын алған кім?

Dalanews 02 окт. 2014 06:17 949

Француз ақыны Рене Сюлли-Прюдом (Рене Франсуа Арман Прюдом) 1839 жылдың 16 наурызында Парижде дүние есігін ашқан. Рене екі жасқа толмастан әкесі қайтыс болады. Нәтижесінде анасы Кейо және апкесі Рене атасының үйіне көшіп келеді. Сегіз жасынан болашақ ақын Бонапарт лицейінде математика, классик тілдер және французша өлең құрылымын үйренеді. Лицейді бітірген соң инженер болу мақсатында Политехника институтына дайындық көреді. Бірақ көзіндегі сырқат себепті бұл арманынан бас тартуға мәжбүр болады. Фабрикаға жұмысқа орналасқан ол, күндіз жұмыс істеп, түнде кітаптар оқып, өлең жазар еді.

Рененің тырнақалды туындысы 1865 жылы жарыққа шықты. Ол кітабынаСюлли-Прюдом деп қол қояды (бұл әкесінің толық есімі). Жинаққа сыншы Шарл Огюстен Сент-Бев жоғары баға береді. Арадан бір жыл өтіп Альфанс Лемер өзінің «Заманауи Парнас» жинағына Сюлли-Прюдомның өлеңдерін қосады. Бұл кітап романтика мектебінің лирик сезімдеріне қарсы шыққан «парнасшы» жас ақындардың әдеби манифестіне айналып кетеді. Лемер бұл жеңістен соң Сюлли-Прюдомның алғашқы жинағын қайта бастырып, оған қоса жаңа сонеттер жинағы – «Сынауларды» да жарыққа шығарады. Үш жыл барысында ақынның антик аңыздар бағытындағы – «Авгий атқорасы», «Италия беттері», «Жалғыздық» атты кітаптары баспадан шығады. Бұл шығармаларында ақын жауапсыз махаббат, ғылым-білім мен дін арасындағы қарама-қайшылықтар жайында қалам тербеген. Жақын туысының қызына үйленбекші болған Рене ол жақтың келіспейтіндігі жайлы жауапты естігесін өмір бойы жалғыз жасауға бекінеді.

1870 жылы Рене өте ауыр жағдайды бастан өткізеді. Бірнеше күн ішінде әжесін, анасын және әпкесін қара жер қойнауына тапсырады. Осы жылдың шілдесінде Франция-Пруссия соғысы басталып, ақын еріктілер қатарында қолына қару алып соғысқа кіреді. Париждің Прус әскерлері тарапынан ұзақ уақыт қоршауда болуы ақынның онсыз да сыр беріп жүрген денсаулығына қатты әсер етеді. Франция астанасы қоршаудан азат етілер уақытта ол аяғынан айрылады. Емделу жылдарында ақын патриоттық  өлеңдер жазады. Оны 1870 жылы «Әскердегі естеліктер» тақырыбымен кітап етіп шығарады. Сюлли-Прюдомның Лукрецкийөлеңдерінің әсерімен жазған «Әділет» дастаны диалог түрінде болып,әділеттілікті сыртқы дүниеден емес, адамның жүрегінен, оның ішкі әлемінен іздеу керектігін айтады. 1888 жылы Рене «Бақыт» деп аталатын 4 мың жолдан тұратын эпикалық дастанын жазып бітіреді. Ақын бұл дастанда адам бақытқа – ғылым-білімге ұмтылуы, мейірбандылығымен, әділеттілігімен жетеді деген пікірді алға тартады. Француз әдебиетіне ақынның гуманистік  ойларының әсері жайында сөз етіп, негізі француз болған америкалық сыншы Жан Албер Бедемынадай дейді:

«Ол позитивизм жақтаушыларының псемизмімен ұзақ уақытқа зұлматта қалған өлеңін жарыққа шығарды және мынадай деп үйретті : бақытқа – қайғымен, мәрттікпен, бауырмалдықпен, мейірбандылықпен және махаббатпен жету мүмкін!»



1901 жылы Сюлли-Прюдомға әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сыйлығын тапсырды:

«Әдебиеттегі мінсіз жеңістері, жоғары идеализмі, көркем күрделілігі мен өнердің таңғаларлық үйлесімділігіне жеткені үшін» делінген сыйлықты беру жайындағы шешімнің прембуласында. Сыйлықтың Сюлли-Прюдомға берілуі ең лайық жазушы ретінде Толстойды көздеп отырған әдебиет әлемі үшін күтпеген жағдай болды. Құттықтау сөзінде академия мүшесі С.Д.Вирсен ақынның ізденімпаз және ештеңені қалт жібермейтін ақылымен адам жүрегіне жол таба алғанын айтады. Міне осынысымен Альфред Нобель айтқан «әдебиеттің идеал дәстүрлерін» деген сөзін, іс жүзінде  басқа жазушыларға қарағанда көбірек амалға асырғанын айрықша атап өтті.  Бұл уақытта ақын сырқат болып марапаттау рәсіміне қатыса алмады. Лауреаттық диплом Францияның Швециядағы елшісіне тапсырылды. Қатты сырқаттанып жатқан ақын «Еркін таңдау психологиясы» деп аталатын соңғы шығармасында «таңдау еркіндігі табиғатқа ғана тән және солай болып қала береді» деген пікірді алға қояды. Сюлли-Прюдом 1907 жылы 7 қыркүйек күні Париж жанындағы Шатн-Малабри қаласында орналасқан вилласында қайтыс болады.



Бір кездері әдеби және академик дәуірде өте үлкен құрметке ие болған жазушы бүгінге кеп тіпті Францияның өзінде де назардан тыс қалған. Ақынның кейбір өлеңдерін аударады, антологияларға кіргізеді, бірақ бүгінгі таңда әдебиеттанушылар оның шығармаларына мән беріп қарамайды. Сюлли-Прюдомды Нобель сыйлығынан қалған ақшалар есебінен Франциядағы жас ақындарға берілетін әдеби сыйлықтың негізін қалаушы ретінде таниды.

Аударған: Тұрсынбек Башар

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: chto-chitat.livejournal.com

http://massaget.kz/debiet/audarma/21472

Рекомендовать
Последние новости