«АБК» тобы неліктен тарады?

Dalanews 15 мая 2017 16:09 4882

«АБК» тобы тараса да, әйгілі үштіктің ақтарылмаған талай сыры бар. Ерлан Көкеевтің топтан не себепті кеткенін білгісі келген көрермен, бұл сауалға кезінде мардымды жауап таба алмаған-ды! Енді араға жылдар салып, Медеу Арынбаев құпияның құлпын ашты. Бұл туралы НТК арнасының «Ревю» бағдарламасында айтылды.

Сахнада 25 жыл! Ерлан Көкеев ширек ғасырдағы шығармашылық кешін Павлодар, Қарағанды, Астанада тойлап, музыка әлеміндегі мерейтойын Алматыда қорытындылады.

Бұл кеште әйгілі «Дос-Мұқасанның» бой көрсетуі заңдылық! Өйткені Көкеевтің кәсіби сахнадағы тұсауын дәл осы ұжымы кескен еді.

– Ерланды сонау 18 жасынан білемін. Біздің «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі болған және музыканты болған. Екі жылдай бізбен бірге істеді. Осы «Дос-Мұқасанда» трамплин алып, өзі жеке музыкант болып шықты, – дейді «Дос-Мұқасан» ансамблінің жетекшісі Мұрат Құсайынов.

Ерланның өнер жолы АБК-ның құрамында жалғасын тапты. 5 жылдық әріптестіктен соң, Арынбаев Көкеевтің тосыннан топтан кетуі, атағы дүркіреп тұрған трионың тарауына себеп болды, – дейді.

– Бірінші Ерлан кетті, балалық болды! Оны біз түсіністікпен қарадық! Одан кейін бір жылдай жүрдік те, менің өзімнің жазып жатқан, іште қайнап жатқан әндерім жарыққа шыға бастады. Сондықтан, АБК тарқады дегенде, біз бірдеңені бөлісе алмай қалып емес, әрқайсымыздың көкейімізде өз жолымыз бар. Армандаған дара жолымыз болғаннан кейін, тарқауға тура келді, – деді Медеу Арынбаев.

Дәл қазіргі таңда Ерлан «к7» тобының жетекшісі. 25 жылдық мерейтойға арналған Көкеевтің концерті қарапайым қарашадан бастап, халық әртісінің де көңілінен шыққанға ұқсайды!

– Бүгін жас пен орта буынның басын қосқан әсерлі концерт болды. Мұндай жанды дауыстағы кеш жиі бола бермейді. Сонымен қатар, жұмыс күнінде залдың лық толуы Көкеевтің өнеріне деген құрмет деп білемін, – деді ҚР Халық әртісі Нағима Есқалиева.

– Мен өте қуаныштымын. Сүйікті қаламның тыңдармандары мені жылы қарсы алды. Алматы жұртшылығы музыка мерекесін тойлады деген сенімдемін, – деп түйіндеді Ерлан Көкеев.

 

Дереккөзі: stan.kz

Рекомендовать
Последние новости