"Әбіш әлемі" журналының тұсауы кесілді

Dalanews 04 окт. 2016 10:25 1014

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Әбіш әлемі» журналының тұсауы кесілді. Оған елордалық зиялы қауым өкілдері мен көрнекті қаламгердің туған елінен келген бір топ азаматтар қатысты.

erm_3918

Ұлы даланың ұлы перзенті атанған дарабоз тұлғаның дүниеден озғанына да жыл айналып барады. Алайда күндер өткен сайын кеше ғана арамызда тірі жүрген алып абыздың бейнесі мен айтқан сөздерін сағына түскендейміз. Ол өмірден өткенде, қазақ даласы қобыздай күңіреніп, биік бәйтеректей теңселіп кеткен еді. Содан-ақ бір ғасырда сирек туатын саңлақ таланттың қадірінің қандай қымбат екендігін түйсінуге болады.

Игілікті шарада алдымен Әбіш аға­мыздың көзі тірісінде түсірілген деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Онда жазушы өзінің туған елі – Маңғыстауға барып, кір жуып, кіндік қаны тамған жері туралы толғанады. Толқындай сапырылысып жатқан өмір жайында, қым-қиғаш тіршілік туралы парасатты пайымдар айтады. Еліміз азаттық алған шақта Елбасымен бірге атқа мініп, тәуелсіз мемлекеттің іргетасын қалаудағы тарихи оқиғалар жайында оралымды ойларын жеткізеді. Фильмді көріп отырып, біз Мұхтар Әуезовті көрмесек те, соның бірден-бір ізгі жолын жалғаған Әбіш Кекілбаевты көзімізбен көріп, сөзін тыңдағанымызға өз ойымызбен іштей болса да тәубе дедік.

Тағылымға толы жиында Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бек­мұрат Жүсіпов сөз алып, әдеби кештің маңызына тоқталды. Ол Маңғыстауда Әбіш Кекілбайұлы атындағы руханият орталығын салу қолға алынғандығын жеткізді. «Әбіш әлемі» журналы да сол ізгі істің бір жалғасы екендігін айтты. Одан кейін белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков кемел суреткердің азаматтық қыры мен жазушылық қасиеттері жайында кеңірек сөз қозғады. «Мен өмірде бес алыпты көрдім. Олар: Дінмұхаммед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және Әбіш Кекілбаев. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында ел алдында «Маңғыстау – әулиелер мекені, бұл түбекті 362 әулие мекен еткен, солардың арамызда тірі жүрген 363-шісі Әбіш Кекілбаев» деген едім. Бұл сөз кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды. Мен бұл пікірден бүгін де айнығаным жоқ» деп тереңнен тебіренді. Көрнекті қаламгер Әкім Тарази жазушының әп дегеннен әде­биетке ақын болып келгендігін, оның прозалық шығармалары да ақындық қуаттың лебімен жазылғандығын баяндады. Ал талантты ақын Оңайгүл Тұр­жан болса «Бір қарағанда Әбіш Кекілбайұлын жұртшылыққа таныстыру артық. Ал бір қарағанда, Әбіш Кекілбайұлын жұртшылыққа таныстыру қажет. Өйткені ол өз заманына немесе бір ұлттың ғана аясына сыймайды. Қаламгердің шығармалары біздің жер бетіндегі күнделікті тіршілігімізбен үндесіп жатқанымен, оның жұмбақ әлемін түсіну оңай емес» деп тереңнен толғады. Маңғыстаудан әдейі ат терлетіп келген дарынды ақын Светқали Нұржан Әбіш аға туралы салиқалы әңгіме өрбітіп, асыл азамат өмірден өткенде арнаған азалы өлеңін оқыды. Жампоз жазушыға арналған жаңа журналдың тұсауын Мырзатай Жолдасбеков пен қаламгердің жары Клара Жұмабайқызы кесті. Одан кейін Клара апамыз осы ізгілікті іске мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. Ардақты тұлға туралы жып-жылы естеліктер айтты.

14468502_202440296845131_4560466164527576797_o

Шара барысында дарынды күйші Сержан Шәкірат пен жыршы Амандық Көмеков өнер көрсетіп, Маңғыстау облыстық кітапханасы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала Абызы» атты көрмесі ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, сол күні елордадағы М.Горкий атындағы академиялық орыс театрында Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыка драма театры Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» повесінің желісімен жазылған спектакльді жұртшы­лыққа ұсынды.

Дереккөз: "Астана ақшамы"

Азамат ЕСЕНЖОЛ


Рекомендовать
Последние новости