Абайдың туған жері туристік орталыққа айналуы тиіс

Dalanews 13 мая 2020 16:40 1538

РЕДАКЦИЯДАН: Бүгінде әлеуметтік желіде Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ ауылында Абайдың домбырасы пішінінде салынып жатқан орталық қызу талқылануда. Сын айтушылар Абайдың үш ішекті домбырасы пішінінде салынған орталықты жұрт аралағанда қазақтың қасиетті қара домбрасын аяқпен таптағандай болатын айтып, реніштерін білдіруде. Иә, қазақ үшін домбыра аса қасиетті аспап. Бірақ мұны домбыраны аяққа таптау деп түсіну қате ғой. Қайта ұлттық құндылығымызды насихаттау деп ұққан жөн.

Орыстар Лев Толстойдың туған жері «Ясная Полянаны» орыс әдебиетінің қасиетті ғибадатханасына айналдырып, туристік орталыққа айналдырғанын көпшілігіміз білеміз. Осы ретте Абайдың туған жері Қасқабұлақтың басына домбыра пішіндес орталық салып, туристер аялдайтын орын тұрғызудың несі айып?

Осы мәселе әлеуметтік желіде талқыланған бетте «Айқын» газетінің журналисті Бауыржан Сабырбекке Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұлов пен Абай ауданы мәдениет бөлімінің басшысы Елдар Оразалинн ойларын айтыпты. Енді соған назар аударсақ.

 

Мақсатымыз – Абай туған жерді қастерлеру

Елдар Оразалиннің айтуынша, биылғы 175 жылдық торқалы тойға орай Абайдың туған жеріне қандай ескерткіш қоямыз деген мәселе талқыға түскенде аса ұтымды ұсыныс бола қоймаған.

– 2004 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 100 жыл толды деп Сырт Қасқабұлақтағы төбенің басына белгі тас орнатылған болатын. Ол белгі таста «Аға сұлтан Құнанбайдың ауылында 1845 жылы данышпан Абай дүниеге келді» деген жазу болды. Біреулер соны күреп тастайық деген де пікір айтты. Бұл жер тарихи орын болғандықтан, есте қалдыратындай жоба жасауды мақсат еттік. Алғашқыда төбенің басынан етегіндегі бұлаққа дейін жай ғана жол салмақшы болдық, ойлана келе осыны таңдадық. Абайдың өз домбырасын қоялық деп шештік, – дейді.


Елдар Кәменұлы айтқандай, әуелгіде ақын домбырасына қатысты жоба мүлдем басқаша жасалыпты. Дегенмен кейін жағдайын және басқа пікірлерді ескере келе, жоба өзгеріске түскен.

– Бастапқы шешім бойынша домбыраның шанағындағы ойықтың орнында гүл тұру керек болатын, ал тиегінің орнына жерден 1 метрдей көтерілген «Сырт Қасқабұлақ – ұлы Абайдың туған жері» деген жазу орнатылуы керек еді. Одан бөлек, тиектен төмен тігінен ұзындығы 8 метрлік қауырсын қалам тұрғызылады да, жартылай ашылған орама қағазға Абайдың «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген сөзі жазылуы керек болатын. Ары қарай келген жолаушы төменге түсіп, бұлақтың суынан дәм татады. Мұның жалпы композициялық шешімі осылай болу керек еді, – дейді Е.Оразалин.

Алайда кейіннен үлкен жол­мен өтіп бара жатқан жолаушыларға домбыра көрініп тұру керек деген талаптан кейін құрылысшылар домбыраның сұлбасын 90 градусқа бұрған.

– Осылайша, бұлаққа баратын жол бөлек жасалды. Жолдың бойындағы тастарға Абайдың 45 нақыл сөзі жазылады. Мәселен, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» сөзі бір тасқа жазылса, келесі тасқа «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген нақылы жазылады. Кішігірім туристік кешен болғалы тұр, – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы.

 

Біржақты сын айтылуда  

Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұловқа айтуынша, Сырт Қасқабұлақтағы жобаның жалпы аумағы – 1,2 гектар. Салыстыру үшін айта кетейік, 1 гектар – 10 000 текше метр немесе 100 сотық жер. Демек, әжептәуір аумақ. Ал тас төселген жердің аумағы – 2 000 шаршы метр. Оның ішінде домбыраның сұлбасы 750 шаршы метрге салыныпты. Оған қоса, кешен аумағына 70 тал шырша ағашы, 83 терек отырғызылған.

– Туристік кешен жұмысының 70%-ы аяқталып қалды, қазір гүл егіліп жатыр. Сегіз орындық орнатылып, қасына қоқыс салатын жәшіктері қойылды. Енді жарықтандыру жұмысы қалды, ол жерге 96 дана шам орнатамыз, – деді аудан әкімі­нің орынбасары.

Мейіржан Смағұловтың сөзіне қарағанда, аталған кешенді қолға аларда жергілікті әкімдік ұлттық аспабымыз – домбыраға нұқсан келсін дегенді әсте ойламаған. Мақсат – тарихи орынның құнын арттырып, туристік жерге айналдыру.

«Неше жылдан бері жаздың ыстығында үйездеген жылқы, оқыралаған сиыр лайлап жататын бұлақты қоршауға алып, әсемдеп, абаттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ертең бұл жер адам танымастай орынға айналғалы тұр. Өкінішке қарай, біздің жұмысымызға тек біржақты сын айтылып жатыр, – дейді әкімнің орынбасары.


М.Смағұловтың сөзінше, аталған кешен Абай аудандық мәдениет үйінің балансына берілген. Отырғызылған талдар мен гүлдерді суарып, күтіп-баптауға штат бөлініп, екі адам жұмысқа алыныпты. Жобаның жалпы құрылысына бюджеттен 50 млн теңге бөлініпті.

Бұдан басқа, аудан орталығы Қарауылға баратын үлкен жолдан Сырт Қасқабұлаққа қарай 1 шақырым 700 метр көтерме жол салыныпты, жоспар бойынша алдағы уақытта оған асфальт төселуі тиіс. Жалпы жол құрылысына қарастырылған қаржы көлемі 42 млн теңге.

Осылайша, ақынның кіндік қаны тамған жер – Сырт Қасқабұлақтың өзіне 92 млн теңге жұмсалатыны мәлім болды. Айтпақшы, 7 мамыр күні Абай ауданына барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 175 жылдыққа бөлінген ақша ауданды дамытуға жұмсалатынын айтқан.

Өңір басшысының айтуынша, жалпы аудандағы нысандарды қайта құруға 150 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Сырт Қасқабұлақтағы бұлақ Абайдың өмірлік жолының басталуын бейнелейді. Бұл – ерекше қасиетті жер. Туризммен байланысты барлық шара осы жерден басталуы тиіс» деп атап өтті Д.Ахметов. Әрине, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірге қаражат бөлініп, туристік маңызын арттыру қажет іс.

Рекомендовать
Последние новости