«Абай» порталы - абайшыл, алашшыл басылым!

Dalanews 14 апр. 2016 23:43 1591

Abai.kz порталының ұлттық баспасөз айдынына енгеніне 7 жыл толыпты. Ғаламтор әлеміне енген әрбір қазақ бүгіндері қазақ сайттарының көптігімен мақтануы да мүмкін. Десе де, өзінің өрелі оқырманын сөзіне ұйыта білу, қоғамдық пікір қалыптастырып, ұлттық мақсат-мұрат жолында өтімді ойын жеткізе алу жағынан бірде-бір интернет-басылым «Абайдың» алдын орап кете алған жоқ.

Біз кей кездері өзге сайттарға емес, керек жерінде уақытында үн қатпай қалғаны үшін дәл осы «Абайға» ренжиміз. Сәл жылдамырақ, сәл екпіндірек, сәл ілкімдірек болса ғой деген ниеттегі «ренішімізді» білдіріп жатамыз. Бұл да болса «Абайға» сенім артар жұртшылықтың риясыз базынасы. Оқырман сенімі – елдің тілегі.

Мемлекеттік, ұлттық мүдде додаға түскен кезде өзге көптеген басылымның ішінен «Абайдың» ойын іздейміз. «Бұл басылым не дер екен?» деген үмітке толы арман кеудемізде лықсып тұрады. 7 жыл бойы қызуы басылмаған, бірінен кейін бірі кесе көлденең алдымыздан шығатын толып жатқан күрмеулі мәселелерде «Абайдың» артқа шегініп, бұғып қалған кезеңі жоқ. Қашан көрсеңіз, қызу пікірталас, шынайы талқы бұрқ-сарқ қайнап, өзекті мәселелер көтеріліп, әр саланың мамандары өзара кеңес құрып жатады. Кейбір топтар мен «майлы жілікті» мүжіп үйренгендер әрбір істің тонын теріс айналдырып, күйе жағуға ұмтылғанымен, «Абайды» өз биігінен түсіре алған жоқ. Сөз бостандығы мен ой еркіндігі туралы сөз болса, оған «Абайдың» қосқан үлесі зор.

ХХ ғасырдың басындағы «Қазақ» пен бүгінгі «Абайдың» ұстанымы бір. Өзге басылымдар бұғып қалатын, ертеңін ойлап, қарақан басының қамын күйттеген тұста «Абай» жұрт көкейіндегі сөзді жария етіп, қазақтілді интернет-басылымдардың көшбасшысы екенін дәлелдеумен келеді.

«Абай» - абайшыл, алашшыл басылым!

 

[caption id="attachment_14964" align="alignleft" width="249"]e4c721eb987bd4c11eacb87f64da2e9e Әміржан Қосанов[/caption]

Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер:

«Авангард» басылым

Абай болу – бір. «Абай» болу – бөлек. Меніңше, қазіргі қилы заманда, яғни Құнанбайұлы Абай жоқ кезде «Абай» порталындағы жігіттер осы тырнақшаның бар екенін елге білдірмей жүргені – ғажап! Қазақтың санасында Абай бар! Ең болмағанда, болу керек. Ғаламторда «Абай» бар! Ең болмағанда, болу керек. Соғыс терминологиясында «авангард» деген ұғым бар. Қазіргі «Абай» сол авангардтардың бірі, яғни ақпараттық еркіндік пен ұлттық мүдде дегенде, алда, елден бұрын, авангардтар жүреді. Өз басым анда-санда болса да, сол сайтта бой мен ой көрсетіп жүргеніме ризамын! Абайды танығысы, Абайға ұқсағысы келген әрбір қазақ «Абайды» оқиық!

 

[caption id="attachment_14965" align="alignright" width="266"]123456 Болат Мүрсәлім[/caption]

Болат МҮРСӘЛІМ, журналист:

Сайт көп, «Абай» жалғыз...

«Интернет деген – ұлы газет қой. Жақында «Абай» деген сайт ашылады, қазақтың ең интеллектуалды сайты сол болады» деп еді марқұм Таласбек Әсемқұлов. «Абай» сайтының ашылатынын алғаш сол кісіден естідім. Айтса айтқандай, бұл портал қазақтың жанын ауыртқан барлық ұлттық мәселені көтере білді. Алғашқы жылдары таңертең жұмысқа келгенде, «Абай» не беріпті?» деп, интернетті осы сайттан бастап, күніне екі-үш рет кіріп, қайтіп жаңартқанын қарайтынбыз. Қазір қазақша сайт көп, бәсеке бар, бірақ, «Абайдың» жалпыхалықтық, ұлтшылдық және тереңдік деңгейіне ешқайсысы жете алған жоқ.

 

[caption id="attachment_14966" align="alignleft" width="270"]9f1dba33faf2137795cc85198c12866b Ауыт Мұқибек[/caption]

Ауыт МҰҚИБЕК, қоғамдық белсенді:

«Алаш орданың» мұрагері

«Абай» порталы – «Алаш Орданың» мұрагері. Кеше Алаш көсемдері ұлт бостандығы үшін қалай күрессе, бүгін «абайлықтар» сол бостандықты қалай сақтап қалу жолында тер төгіп жүр, шын мәніндегі ұлттық мемлекет құру үшін еңбек етуде. Түбі біз сол аңсарлы арманға жетеміз. Оған баспасөздің қосар үлесі зор. «Абай» сол үдеден шығар топтың көшбасшысына айналып үлгерді. Біз «Абай» порталының жаңа медиалық кеңістіктегі бағытынан таймауын тілейміз.

 

[caption id="attachment_14967" align="alignright" width="205"]скачанные файлы Өміржан Әбдіхалық[/caption]

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ, Abai.kz порталының шеф-редакторы:

Abai.kz – бүгінгі алаш баспасөзінің алдаспаны

 

Abai.kz ақпараттық порталының 7 жыл ішіндегі жұмысын жіті қадағалап, күнделікті оқып-біліп отырған оқырман тақырыпты «айғайлатып» беріпті деп сөге қоймас. Керісінше, порталдың атқарған және атқара беретін қызметі тақырыпқа толық сай екенін біледі деп ойлаймыз.

Бүгін құрылғанына 7 жыл толып отырған Abai.kz ақпараттық порталының тарихына көз жіберсек, ең әуелі портал – қазақ интернет журналистикасына алғаш түрен салып, осы салада кәсіби журналистиканы орнықтырған ақпараттық сайт.

Abai.kz-ті құрған, ыстық-суығына шыдап, оның қазақ тіліндегі ықпалды сайтқа айналуына зор еңбек сіңірген екі азамат бар. Олар – Айдос Сарым мен Дәурен Қуат. Осы екі азаматтың қажырлы еңбегі мен жаңашылдығының, ізденімпаздығының, еңбекқорлығының арқасында Abai.kz бүгінгі биігіне шығып, қоғамдық ойды қалыптастыруда ықпалды күшке айналды.

[caption id="attachment_14969" align="alignright" width="275"]скачанные файлы (1) Айдос Сарым[/caption]

Abai.kz-тің БАҚ ретіндегі ұстанымы – мемлекеттің тұтастығына, Тәуелсіздіктің бекуіне, мемлекет құрушы халықтың ұлттық мүддеcіне қызмет ету. Осы бағдардан 7 жыл ішінде портал қия басып көрген емес. Бұған портал бетіндегі жер, тіл, дін, қоғам, саясат тақырыбында күнделікті жарияланып жататын мақалалар дәлел.

Қазақ хандарының ескерткіштерінің Астана шетінде қараусыз қалғаны туралы хабар тарағанда, Abai.kz бұл мәселені алғашқылардың бірі болып көтеріп, билікке ашық хат жариялады. Міне, содан бастап ұлт мәселесінде әрбір дүниеге сергек қарап, дер кезінде үн қатып келеді. Мәселен, теріс ағымдағы діни ұйымдардың белсенді іс-әрекетімен күрескен бірден-бір БАҚ та – Abai.kz. Бұл мәселеге биліктің назарын аударып, қауіптілігін аңғартып, нәтижесінде Дін істері агенттігі құрылды. Бұл жерде де  Abai.kz-тің ықпалы болғанын жоққа шығаруға болмайды.

Тарих пен руханияттың да насихатталуына көп үлес қосып келеді. «Алашорда» айдарында Алаш қайраткерлерінің, зерттеушілердің небір құнды еңбектерін, естеліктерін жариялау дәстүрге айналды. Порталдың әрбір айдары бойынша сағаттап айтуға болады.

Тарихи тұлғаларды ұлықтау, тарихи сананы жаңғыртуда портал ұжымы қоғамдық іс-шаралар да өткізді. Әлихан Бөкейханның 145 жылдығын атап өтіп, арнайы іс-шара өткізіп, бір топ азаматты марапаттады.

[caption id="attachment_14968" align="alignleft" width="336"]daurenkk1 Дәурен Қуат[/caption]

Порталдың контентіне келсек, алғашқы кәсіби журналистиканың қазақ интернетіндегі үлгісі. Abai.kz-тің бай әрі байыпты, сарапты, ұстамды ақпараттық бағдарынан таймаған контентті әлі ешқандай сайт қалыптастыра алған жоқ деп мақтанышпен айтуға негіз бар. Мұның  негізінде қазақ журналистикасында өзіндік жол салған Бас редактор Дәурен Қуаттың еңбегі тұр. Бас редактордың ұжыммен, авторлармен, аймақтармен жұмыс істеудегі, ұйымдастырудағы ерекше тәсілі де порталдың бүгінгі ақпараттық биігінің тұғыры. Бастаушының байқампаздығы, мәселенің талмауыр тұсын дәл көре білетіндігі, әр мәселеге қатысты материалдың дер кезінде әрі өзіндік стильмен шығып, оқырман көңілінен орын табуына бастау болып келеді.

Айдос Сарым  Абай.кз-тің стратегиялық басымдықтарын айқындап, елдегі кез келген БАҚ-тың алдынан шығатын күрделі мәселелерді реттеп, порталдың ықпал ету аумағын кеңейтуде үлкен еңбек сіңіріп, шешуші рөл атқарды.

Abai.kz 7 жылда өз аудиториясын қалыптастырып қана қоймай, қоғам ойын айқындаушы әрі ұлт ісінде табандылық пен бірізділік танытып, қазақ қорғанына айналып отыр. Хакім Абайдың атындағы ақпараттық портал Алаш сөзінің бүгінгі ізбасары. Бұған порталдың 7 жыл ішіндегі және қазіргі жұмысы толық дәлел.

Рекомендовать
Последние новости