Абай облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері және облыстың квазимемлекеттік секторындағы комплаенс қызметтердің жәй-күйі талқыланды,– деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазіргі таңда Абай облысында өңір тұрғындары мен қонақтары арасында үлкен сұранысқа ие 3 туристік нысан бар.
Олар - Алакөл жағалауы, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы және Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі.
Отырыста тарихи ескерткіштер орналасқан жерлерде кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысу фактілерін жою бойынша ұсыныстар айтылды.
Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин бейнережим арқылы Алакөл аумағында жеке меншікке заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жайында баяндады. Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев Алакөл курорттық аймағын сумен жабдықтау шаралары туралы айтты.
Аймақ басшысы отырыс қорытындысы бойынша Кәсіпкерлік басқармасына мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып туристік аймақтардың инфрақұрылымына талдау жүргізуді және кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Мәдениет басқармасына "Жидебай-Бөрілі" музей-қорығы мен Қоңыр әулие үңгірі туристік нысандары бойынша айтылған ескертулерді назарға алуды жүктеді. Облыс әкімінің аппаратына Жобалау кеңсесінің жұмысы мен квазимемлекеттік сектордағы комплаенс қызметті жетілдіру бойынша шаралар қабылдауды міндеттеді.
"Заңсыз берілген жерлер бойынша құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеу керек. Ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету - Мемлекет басшысының назарындағы мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауымыз қажет", - деді аймақ басшысы.