Абай облысында жас геологтардың республикалық далалық олимпиадасы басталды

Ақтоты Жапатова 10 июл. 2025 15:44

Абай облысы Геологиялық барлау колледжінде мектеп оқушыларына арналған жас геологтардың II Республикалық далалық олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Жарыс 8–15 шілде аралығында колледж базасында және Қарауыл шоқы оқу полигонында өтеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Олимпиаданың жабылу рәсімі 14 шілдеге жоспарланған.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың геологияға қызығушылығын арттыру, ерте кәсіби бағдар беру, геоэкология мен жер қойнауын ұтымды пайдалану мәселелеріне назар аударту.

Биылғы сайысқа еліміздің әр өңірінен 15 команда қатысып жатыр. Қатысушылар палеонтология, минералогия және петрография, магнитометрия, гидрогеология, геологиялық қима жасау, мұнай мен газды іздеу, дала жағдайында тұрақ ұйымдастыру және шлихті сынау секілді бағыттар бойынша бақ сынайды.

Ашылу салтанатында демеуші компаниялар мен ұйымдардың өкілдері қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. Олимпиада қорытындысында жекелеген пәндер бойынша үздік шыққан оқушылар Satbayev University, ҚБТУ, Атырау мұнай және газ университеті, Қарағанды техникалық университеті сынды жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болады.

Олимпиада ҚР Геология комитетінің қолдауымен «Жас геолог» корпоративтік қоры мен Геологиялық барлау колледжінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр. Демеушілер қатарында – Kazakhmys, ERG, Kazzinc, Yer-Tai, Геокен, «Алел» қаржы-инвестициялық корпорациясы, Ембімұнайгаз, ProLabSupport және Solidcore Resources компаниялары бар.

Қазылар алқасына жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, өндіріс саласының жетекші мамандары және колледж ұстаздары тартылған.

Жас геологтар олимпиадасы – болашақ мамандарды даярлауға жол ашатын кәсіби алаң ғана емес, сонымен бірге өскелең ұрпаққа туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім қалыптастыратын тағылымды бастама.


Рекомендовать
Последние новости