Абай ауданына басқарма басшыларымен бірге жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев білім, мәдениет және спорт нысандарын аралады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1965 жылы салынған Қарауыл гимназиясын қайта жаңғыртуға «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында «Қазақстан халқына» қоры 250 миллион теңге бөлді. Нәтижесінде 18 оқу кабинеті, STEM-зертханасы, робототехника, АRT-студиясы, телестудия, спорт залы және акт залын қосқанда 26 кабинет жаңартылды.
Бұл жаңғырту гимназияға заманауи білім беру жүйесіне сай орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп, оқушылардың сапалы білім алып, шығармашылықпен дамуына жол ашты. Сонымен қатар ауылдық шағын жинақты мектептер үшін құзыреттілік орталықтарын құру арқылы білім беру саласындағы алшақтықты азайтуға ықпал етеді.
Қазіргі гимназияда 291 мектеп оқушысы білім алса, мектеп жасына дейінгі 38 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, өңірде 7 тірек мектеп жаңғыртудан өтіп, келесі оқу жылында тағы 4 мектепті жаңарту жоспарланып отыр.