"ҚазМұнайГаз" ҰК Жаңаөзендегі мұнайшылар наразылығына қатысты мәлімдеме жасады

Қаракөз Амантай 05 дек. 2024 09:13 801

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Жаңаөзен қаласындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ-дағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық компанияның баспасөз қызметінің дерегінше, биылғы 12 қарашада «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасы (БЖБ) қызметкерлерінің кәсіподағы рұқсатсыз акция ұйымдастырып, бірқатар талап қойған. Өзенмұнайгаз басшылығы БЖБ жұмысшыларымен тұрақты түрде келіссөз жүргізіп келеді.

Сонымен қатар, 2024 жылы 3 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Абайылданов Бұрғылау жұмыстары басқармасы қызметкерлерімен кездесіп, оларды жұмысқа шығуға шақырды. Келіссөз қорытындысы бойынша хаттама жасалды:

  1. Рұқсатсыз акцияға қатысқан БЖБ қызметкерлері толық құрамда жұмысқа шығуы керек.
    2. Хаттаманың бірінші тармағы орындалған жағдайда, жұмысшыларға ҚМГ және ӨМГ тарапынан тәртіптік жаза қолданылмайды;
    3. Барлық қойылған талап ҚР заңнамасына сәйкес бітімгерлік комиссия отырысында қаралсын.

    Хаттама рұқсатсыз акцияға шыққан жұмысшылардың назарына жеткізілді. Алайда, ӨМГ БЖБ кәсіподақ төрағасы оған қол қоюдан бас тартты.

    ҚР заңнамасына сәйкес еңбек қатынастары үшінші тұлғалардың араласуынсыз тікелей жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында реттелуі тиіс екенін хабарлаймыз.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» комапниясының Телеграм арнасына жарияланған хабарламада ӨМГ зейнеткерлерінің (бұрынғы қызметкерлерінің) балалары компанияның штатына тікелей алынса, 2020 жылы бекітілген жұмысқа орналасу алгоритмін бұзалатынын алға тартқан еді. Мұнда «Алгоритмге сәйкес ӨМГ зейнеткерлерінің балалары мен жұмыссыз азаматтар 50/50 пропорциясы бойынша тең дәрежеде жұмысқа қабылданады. Бұл талапты орындау мүмкін емес, өйткені жұмысқа орналасу кезегін күтіп отырған Жаңаөзен қаласының басқа жұмыссыз тұрғындарының құқығын бұзады» делінген.

Бұдан басқа хабарламада зейнетке ерте шыққанда төлем мөлшерін 300 АЕК ұлғайту мәселесіне қатысты да жауап қайтарылыпты.  «ӨМГ-де жұмысшыларға мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама бар. Зейнет жасына жақындаған қызметкерлерге арналған бағдарламаның талаптары айлық есептік көрсеткішке (АЕК), мұнайшының өтілі мен жасына байланысты, сонымен қатар отбасы мүшесін жұмысқа орналастыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Төлем мөлшері жұмысшының өтіліне және зейнетке шығуға дейін қалған айлар санына байланысты АЕК негізінде есептеледі. Бұл ретте, төлемақының ең жоғары мөлшері 125 АЕК – 40 жылдан астам еңбек өтілі бар қызметкерлер үшін белгіленген.

Мысалы, ӨМГ-де 40 жылдан астам жұмыс істеген қызметкер бүгінде 60 жасқа келіп ерте зейнетке шықса, 16,6 млн теңге алады» деленіген хабарламада.

Жұмысшылар кәсіподағы қойып отырған талап – АЕК мөлшерін 125-тен 300 АЕК-ке дейін ұлғайту, бұл төлем мөлшерін екі еседен астамға арттыратыны белгілі. Алайда компания мұнайшыларға қазірдің өзінде жақсы жағдай жасалғанын, бір қызметкерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау мөлшері – ең жоғары көрсеткішке сәйкес келетінін алға тартыпты.

Бұдан басқа ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы жанынан 1000 орындық арнайы техниканы жөндейтін база салу ісіне қатысты да «ҚазМұнайГаз» АҚ өз ұстанымын ашық білдіріпті.

«ӨМГ жыл сайын арнайы техниканы жаңартып отырады. Қазіргі уақытта бұрғылау жұмыстары басқармасының техникасын қоса алғанда, автопарктің 65% жаңартылды. 2022-2024 жылдар аралығында бұған 22 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды, ал 2029 жылға дейін тағы 53 млрд теңгеден астам бөлінетін болады. Техниканы жаңартудың нәтижесінде жөндеу жұмыстары азайды, сондықтан жұмысшылар талап еткендей жаңа жөндеу базасын салу тиімсіз болып отыр. Арнайы техниканы жаңарту жұмыстары ҚМГ тобының барлық компаниясында жүргізіліп жатыр» деп «ҚазМұнайГаз» бұған да нақты жауап қайтарыпты.

Сондай-ақ, мұнайшылар көтерген ұжымдық шарттың 2013 жылғы редакциясын қайтару және дербес еңбекақы төлеу жүйесіне өту мәселесіне қатысты төмендегідей жауап қайтарылған.

«Кәсіподақ 2013 жылы қолданыста болған ӨМГ ұжымдық шартының 5.19 тармағын қайтаруды ұсынады. Бұл тармақ бойынша жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналары жұмыс берушінің есебінен төленіп келген. Ал 2017 жылдан бері қызметкерлерге жалақы салық ұсталғаннан кейін беріледі, бұл ҚР заңнамасына толығымен сәйкес келеді.

2024 жылдың шілдесінде Өзенмұнайгаз компаниясында еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне өту жұмыстары басталды. Кәсіподақтар мен ҚР Еңбек министрлігінің қатысуымен күрделі жұмысты әділ бағалауға негізделген ережелер әзірленді. Қазіргі уақытта ӨМГ ішінде өзара келісімдер жүріп жатыр» делінген хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости