90 жылдық тарихы бар білім ордасы мерейтойын тойлады

Dalanews 14 мая 2018 11:33 1152

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында Ж.Жабаев атындағы жалпы орта мектебі 90 жылдық мерейтойын тойлады. Қазақтың біртуар азаматтары оқыған білім ошағының салтанатты жиынына облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, көпшілікті аталған мерекемен құттықтады.



– Сіздерді жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімін иеленген іргелі білім ордасының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мектеп 90 жылда талай шәкіртті қанаттандырып, үлкен өмірге ұшырып келді. Кеңестер Одағының Батыры Бейсен Оңтаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бекен Әбдіразақов, Дулат Исабеков, Садықбек Адамбеков, Қосжан Мүсірепов осы оқу ордасында білім алғанын біз мақтан етеміз. Алыптарды шығарған бұл білім ұясы, халқының қамын жейтін әлі талай ұрпақ тәрбиелейтініне бек сенімдімін, – деді Жансейіт Қансейітұлы.



Шара барысында өңір басшысы мен жазушы Д.Исабеков мектептің алдында бой көтерген қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау, жыршы Ж.Жабаевтың ескерткішін салтанатты түрде ашып берді. Бұдан бөлек, 3 тілде жарық көрген «Алтын ұя» атты кітаптың тұсауын кесіп, өздерінің қолтаңбаларын қалдырды. Сондай-ақ, облыс әкімі аталған білім ұсында білім алып, өңіріміздің өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды арнайы марапаттап, құрмет көрсетті.



Айта кетейік, ғасырға жуық тарихы бар білім ошағында 2016 жылы облыстық бюджеттің есебінен 10000,0 мың теңге қаржы қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда мұнда 54 ұлағатты ұстаз 430-дан астам оқушыға білім беріп келеді.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости