63 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Dalanews 09 окт. 2017 15:28 918

Оңтүстік Қазақстан облысында 2016-2017 жылдар ішінде жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 63,8 мың гектар жер аудан, қала әкімдігі тарапынан мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов мәлім етті.



Оның айтуынша, түгенде жұмыстары кезінде 5912 жер пайдаланушылардың 241 мың га жерлері пайдаланылмай жатқандығы анықталған.

– Есепті кезеңде 63,8 мың гектар жер аудан, қала әкімдігі тарапынан мемлекет меншігіне қайтарылса, 61,1 мың гектар жер қайта игеруге кірісті. Ал 5,24 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде есепке қойылса, 27,1 мың гектар жер аудан әкімдігінің қарауындағы жерлер болып шыққан. Сондай-ақ, 83,8 мың гектар болатын жерлерге шара көру үшін облыстық жер инспекциясы басқармасының қарауына ұсынылды, – деді басқарма басшысы.

Брифингте мәлім болғандай облыстағы инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында ауыл шаруашылығы жерлер конкурс арқылы айналымға енгізілуде. Мәселен, соңғы 3 жылда ауыл шаруашылық мақсатындағы 53 конкурс ұйымдастырылған. Нәтижесінде 309 мың гектар жер учаскелері жалға берілді, ал биылғы жылы 73,8 мың гектар жер айналымға қосылып отыр.

Айта кетейік, өңірде ауыл шаруашылығы бағытындағы 6815,7 мың гектар жерлер болса, оның ішінде 911,4 мың гектар егістік жер, 5635,8 мың гектар жайылымдық, 84,5 мың гектар шабындық, ал көп жылдық екпелер (баулар) 29 мың гектарды құрап отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости