5 млрд доллар дауы: NCOC консорциумы Қазақстанмен арадағы келіссөздерді қайта жандандырды

Кәмшат Тілеухан 02 окт. 2024 11:33 1685

Қазан айында North Caspian Operating Company (NCOC) инвесторлар консорциумы 5 млрд долларды құрайтын экологиялық айыппұл бойынша Қазақстан Үкіметімен арадағы келіссөздерді қайта жандандырды, деп жазады Dalanews.kz

Айта кетсек, 2024 жылдың басында Қазақстан Үкіметі NCOC консорциумын кен орнында тым көп күкірт көлемін сақтағаны үшін 2,3 трлн теңге (сол кезде 5 5,1 млрд доллар) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Сарапшылар Қазақстан NCOC-тағы өз үлесін арттыру үшін осындай амалға барып отыр деген пікірде. Ал мұнай секторындағы ірі инвесторлар бұл айыппен мүлде келіспей, түрлі ықпал ету тетіктерін пайдаланып, тіпті сотқа да шағымданып көрді. Одан айтарлықтай нәтиже шықпаған соң енді Енді Үкіметпен арадағы келіссөздерді қайта жандандыруға ниетті.

NCOC консорциумы 5 млдр доллар айыппұл орнына Қазақстан Үкіметіне не ұсынып отыр?

"Бұл айыппұл орнына Eni, Shell, Exxon Mobil және TotalEnergies әлеуметтік жобаларға 1 110 млн доллар көлемінде инвестиция салуды, "әлеуметтік даму" арнайы қорын құруды, мемлекетке сұйытылған газ жеткізу бойынша жеңілдіктер жасауды ұсынады. Оған қоса, Қазақстан Үкіметіне болашақта мұнай компанияларына қарсы осындай талаптарды болдырмас үшін экологиялық заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынады", деп жазады Bloomberg

Ал ҚР Жоғарғы соты осы аптада аталған экологиялық дауға байланысты алдын ала қаулы шығаруы мүмкін деген ақпарат та бар.

Мұнай өндірушілердің қоршаған ортаға келтірген зияны жайлы

Айта кетсек, 2024 жылдың наурыз айының басында Атырау облысының экология департаменті қоршаған ортаға зиян келтірген бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Соған сәйкес, NCOC компаниясына экологиялық заңнаманы бұзды деген айып тағылды. Олардың кен орнында сақтаған күкірт көлемі рұқсат етілген мөлшерден екі есе асып кеткені айтылады.

Атырау облысының экология департаменті анықтаған заңбұзушылықтар тізбегі мынандай:

  • қалдық суларды тоғанға арнайы рұқсатсыз ағызған.
  • күкірт блогындағы жұмыстар кезінде зиянды шаңды оқшаулау үшін гидро жабындыны қолдану тұрғысында мемлекеттік сараптама талаптары сақталмаған.
  • екі термиялық тотықтыру қондырғысында сынама алуға арналған арнайы құрылғылар (штуцерлер) болмаған.
  • жоба аясында қарастырылған амиакты тазартуға арналған 14 қосымша сүзгі жеткізілмеген.
  • 2022 жылдың 3 тамызында шикі газдың бөлінісі және экологиялық рұқсатсыз оны жағу салдарынан қоршаған ортаға зиян келді.
  • ластаушы заттардың шығарындылары белгіленген нормалардан асып кеткен.
  • "Болашақ" мұнай мен газ кешені қондырғысын дайындау кезінде күкіртті сақтау алаңдарына жеткізілген күкірт рұқсат етілген мөлшерден артық болған.
  • газ бен өзге де химиялық сұйықтықтар сақталатын Батыс Ескене теміржол кешені аймағындағы күкіртсутектің деңгейі жобалық құжаттарда көрсетілген нормадан асып кеткен.
  • қоршаған ортаны қорғау бойынша жоспарланған шараларды дұрыс атқармау: 2020-2022 жылдар аралығында мүлде ағаш отырғызылмаған.

Қарсы тараптың әрекеті

NCOC бұл айыптармен келіспей, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына талап-арызбен жүгінді. Консорциум профилактикалық бақылау/қадағалау актісін және заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы жоюды сұрады, осылайша тексеру нәтижелерін жарамсыз деп тануды көздеді.

Судья Нұрлан Аубакиров NCOC-тің бұл талап-арызын ішінара қанағаттандырып, 2022 жылдың 13 желтоқсанында берілген заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың тек үш тармағының (3, 6 және 9 – редактордың ескертпесі) күшін жойды. Қалған жеті тармақ өзгеріссіз қалдырылды.

Көп ұзамай Bloomberg консорциумның Қазақстан соттарының экологиялық айыппұл төлеу туралы шешімімен келіспей, арбитраждық сотқа талап арыз беруге ниетті екенін хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан үкіметі елдегі екі ірі мұнай кен орнын – Қашаған (13 миллиард доллар) және Қарашығанақты (3,5 миллиард доллар) игеріп жатқан компанияларға қарсы халықаралық арбитраждық сотқа талап-арыз берген. Мемлекет соңғы бірнеше жылда келтірілген миллиардтаған шығынды өтеуді талап етуде. Қашаған бойынша істер 2010-2018 жылдарды, ал Қарашығанақ бойынша 2010-2019 жылдарды қамтиды. Қазіргі таңда Женева мен Стокгольмде осы негізде қосымша сот процестері жүріп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости