4 адам қаза тапқан: ІІМ көлік жүргізушілерге үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 07 июн. 2024 09:37 3004

Ішкі істер министрлігі өкілі көлік жүргізушілерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, жүргізушілер жол қозғалысы кезінде ережені сақтамайды.

"Құрметті азаматтар! Сіздерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырамын! Полиция жол апаттарын болдырмау, жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізеді. Осы мақсатта күн сайын тасжолдарда шамамен 1,5 мың патрульдік полицей қызмет етеді. Экипаждар 50 шақырым сайын орналастырылған.

Жүргізушілер көбіне жылдамдық режимін сақтамайды. Қарсы жолға шығып кетіп жатады. Мысалы, 5 маусымда Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, аударылып кетті. Апатқа дейін оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтау туралы ескерткен болатын. Оқиға салдарынан адам қаза тапты. Жүргізушілерді тағы да жолда сақ болуға шақырамын!" – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңіспаев.

Айта кетейік, 5 маусымда сағат 15:00 шамасында Ақтөбе-Орск тасжолында, Қарғалы ауданы Ащылысай аулының маңында жол апаты болды. Toyota Alphard көлігі аударылып қалған.

Оқиға салдарынан төрт адам қаза тауып, біреуі ауруханаға жатқызылды.


Рекомендовать
Последние новости