2024-2025 жылдар: АҚШ доллары бағамына қатысты сарапшылар болжамы

Кәмшат Тілеухан 10 окт. 2024 12:57 4525

АҚШ доллары алда да қымбаттап, 2025 жылы оның бағамы шамамен 500 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы нарық сарапшылары арасында жүргізген сауалнама нәтижесі осындай пайымды алға тартады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қараша айының басына қарай теңгеге шаққанда бір доллардың бағасы 481,3 теңге деңгейінде тұрақтайды деп болжанады, ал бір ай бұрын ол 476,5 теңге болады деп болжанған. Соған қарамастан 2024 жылғы 9 қазандағы ресми бағам 489,06 теңгеге дейін жетті.  Сонымен қатар, бір жылдан кейін ұлттық валюта бағамы 500 теңгеге жуықтауы мүмкін. Сарапшылар осы кезеңге дейін бір доллар бағамы 498,4 теңге деңгейінде сақталады деп болжайды", делінген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының (ҚҚҚ) қазан айында жүргізген сауалнамасында.  

"Жергілікті валюта нарығындағы баланстың бұзылуы қазақстандық компаниялар мен халық тарапынан, оның ішінде ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында шетел валютасына деген сұраныстың сақталуымен, соған байланысты валюта түсімін конверттеу көлемінің қысқаруымен байланысты болуы мүмкін", делінген зерттеуде.

Сонымен қатар, қаржы нарығына қатысушылар инфляциялық болжамды қайта қарастырыпты. Оған сәйкес,12 айдан кейінгі тұтыныс бағасының өсімі 8,1% болуы мүмкін, ал алдыңғы болжамдағы деңгей 7,6% еді.  

"Тұрғын үй коммунальдық шаруашылығы саласындағы реформа шеңберінде тарифтердің өсуі және фискалдық ынталандыру көлемінің артып келе жатқаны сынды Қазақстан экономикасында сақталып отырған инфляциялық факторлар тұтыну бағалараның индексін (ТБИ) нысаналы мәніне - 5%-ға қайтару үшін Ұлттық банкті қатаң монетарлық шарттарды сақтауға мәжбүрлейді. Демек, бір жылдан кейін базалық сыйақы мөлшерлемесі 13% деңгейінде болады деп болжанады", - дейді сарапшылар.

Айта кетсек, қазіргі уақытта базалық сыйақы мөлшерлемесі 14,25% құрайды. Осы аптада, 2024 жылы 11 қазанда Ұлттық банк осы көрсеткіш бойынша кезекті шешімін жариялап қалуы тиіс.  

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сауалнамаға қатысушылар арасында базалық сыйақы мөлшерлемесінің қазіргі деңгейі сақталатынын болжағандардың үлесі 76%-ға дейін артқанын баса атап өтті.

Сонымен, сауалнамаға қатысушылар Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі мұнай бағасындағы құбылмалық сипаты ұзаққа сақталатындын болжайды.

"Олардың пайымынша, алдағы 12 айда мұнай бағасының бір баррелі 78,5 доллар болуы мүмкін, бұл қазіргі деңгейден аса көп емес. Сонымен қатар, сарапшылар мұнайдың бағасының жоғары деңгейде сақталуы, өндіріс көлемін арттыруды жоспарлау және фискалдық ынталандыру елдегі экономикалық белсенділікті қолдайды деп болжайды. Сондай-ақ бір жылдан кейін ЖІӨ өсімі 4,4% болуы мүмкін", делінген сарапшылар болжамында.

Айта кетсек, 10 қазанда Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңгенің құнсыздануына негіз жоқ екенін айтты. Сондай-ақ экономикалық сарапшы ел азаматтарына дүрбелеңге салынып, доллар сатып алуға асықпау керектігін айтып, кеңес берді. 


Рекомендовать
Последние новости