16 жастағы талғарлық Шерзаттың өлімі: Прокуратура шұғыл мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 08 окт. 2024 12:19 3289

Алматы облысының прокуратурасы 16 жастағы талғарлық Шерзаттың өліміне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Біз қоғамдық толқуларды түсінеміз және отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. Прокуратура органдары кісі өлтіру туралы бұл істі ерекше бақылауға алғанын ресми түрде хабарлаймыз. Аталған қылмысты жасады деген күдік бойынша сот 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беріп, жеті күдікті адам ұсталды. Біз барлық жағдайларды анықтауға және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға бағытталған объективті тергеуге кепілдік береміз.

Барлық азаматтарды осы қылмысқа қатысы бар адамдарды жауапкершіліктен алып тастауға ешқандай әрекет жасалмайтынына сендіреміз. Тергеуге көмектесетін кез-келген ақпаратпен прокуратура немесе ішкі істер органдарына жүгінуге шақырамыз", - дейді прокуратурадағылар.

Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 4 қазанда болған еді. Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Бір жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. 

Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Бұған дейін Талғарда қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Шерзаттың әпкесі тың мәліметпен бөлісті. 

Марқұмның әпкесі Бақыт Реймованың сөзінше, полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін әлі қамауға алмаған. Ол құзырлы органдардан күдіктілердің бәрін ұстап, көрсетуін талап етті.  

"Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді", - дейді Бақыт Реймова.

Оның айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен. 

Сонымен қатар,қайғыдан қан жұтқан Шерзаттың ата-анасы жолды жабуға мәжбүр болды. 


Рекомендовать
Последние новости