Кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы жұбайы Ляйсира Марат Instagram парақшасында ашық мәлімдеме жасап, “100 пәтер тарату” жөніндегі кең ауқымды науқанды қайырымдылық емес, сәтті ойластырылған маркетингтік айла деп атады. Сондай-ақ ол отбасылық бизнестің көлеңкелі тұстарын ашып, өзі қиындықтан шығарған компаниядан қандай жолмен шеттетілгенін де баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ляйсираның айтуынша, Тұрсынмен ажырасқаннан кейін оған Galanz Bottlers компаниясының 43,25% үлесі тиесілі болған. Ал әпкесінің еншісіндегі 7,5% үлеспен бірге олар толық бақылауды қолға алып, 2016 жылы кәсіпті басқаруға кіріскен.
“Компания бізге 13 миллиард теңге қарызбен өтті. Цесна банкі дефолт жариялауға дайын еді. Мен бар үмітпен Дәурен Жақсыбековпен кездесуге тырыстым. Жалынып, бір жыл уақыт сұрадым. Сол бір жыл ішінде біз кәсіпті қайта аяққа тұрғыза алдық”, – дейді Ляйсира.
2018 жылы компанияның қаржылай жағдайы тұрақтала бастаған. Дәл осы сәтте, Ляйсираның сөзіне қарағанда, Тұрсын Алагөзов сол кезеңде Қазақстандағы ең ықпалды әулеттердің бірі – Сатыбалды кланына жүгінген.
“Ол менен және сіңлімнен “құтылғысы” келді. Содан соң қысым, тергеулер, қылмыстық істер басталды. Команда үнемі үрей мен күйзелісте жүрді. 2021 жылдың ортасына қарай компанияның сату көлемі 35 миллиард теңгеден асты. Сол кезде-ақ мені “кетуге” мәжбүрледі. Егер қарсылассам, тірі қалмас едім”, – деп еске алады ол.
Бұдан кейін, бір апта өтпей жатып, Тұрсын Алагөзов қайтадан директор қызметіне оралған. Ал бүгінде ол көпшіліктің назарын аударған “100 пәтер” акциясын жүзеге асырды. Бірақ Ләйсира бұл әрекетті нағыз қайырымдылық емес, имидж көтеруге бағытталған маркетингтік амал деп есептейді.
“Қайырымдылық – бұл пайда көзделмейтін, аты-жөні аталмайтын, шын жүректен жасалатын әрекет. Ал бұл жолғы “жомарттықтың” құны – шамамен 2 миллиард теңге. Бұл сома – өнімді маусым алдындағы жарнамалауға бөлінетін маркетингтік бюджеттің тең жартысы. Шай сату керек, қоймада қалып қоймасын. Сонымен қатар, бұл – жеке беделді көтеру үшін жасалған қосымша PR”, – дейді ол.