«10 игі іс»: Астаналық волонтерлер қарт кісінің ауласын қардан тазартып, алғысын алды

Dalanews 21 дек. 2023 13:01 1452

Елордада «10 игі іс» акциясы аясында бірқатар іс-шара өтіп жатыр. Байқоңыр ауданы әкімдігінің бастамасымен «Астана жастары» КММ волонтерлері жалғыз тұратын зейнеткерлердің ауласын қардан тазартуға көмектесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі акция барысында елордалық волонтерлер Байқоңыр ауданында жалғыз тұратын зейнеткерлерге, ҰОС, тыл ардагерлеріне көмек көрсетті.

Темірлан есімді волонтердің айтуынша, мұндай акциялар қарияларға құрмет көрсетудің бір белгісі екенін айтты.

– Жыл сайын аудан әкімінің бастамасымен жалғыз тұратын және көмеккке мұқтаж қарияларға көмек көрсетіліп келеді. Мереке қарсаңында мұндай акция қала тұрғындарын қуантатыны сөзсіз. Үй ауласындағы қарды тазалау арқылы волонтерлер қариялардың ақ батасын алып жатыр. Елордада өтіп жатқан осындай акцияларға барлық волонтерлерді қатысуға шақырамын, – дейді ол.

Игі іс барысында қарияларға азық-түлік салынған себет пен шағын жаңа жылдық тәттілер табысталды. Қариялар өз кезегінде жастарға жасаған қолғабыстары үшін алғыстарын білдірді.


– Бүгін ауламның қарын күреп берді. Жер үй болғандықтан қар басып қала береді. Волонтерлер келіп, көмек көрсетіп жатыр. Бізге, зейнеткерлерге қамқорлық жасап жатқан Байқоңыр ауданы әкіміне және волонтерлерге алғысымыз шексіз, – дейді қала тұрғыны Людмила Хлесткина.

Қайырымдылық іс-шарасы барысында волонтерлер осындай бірнеше мекенжайға барып, қар тазалады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі акция әлі де жалғасын табады.

Айта кетейік, осыған дейін ауа райы қолайсыз күндері волонтерлер елорда көшелерінде коммуналдық қызметкерлер мен қала тұрғындарына ыстық шай мен бауырсақ үлестірген болатын.

Рекомендовать
Последние новости