1 қыркүйектен жаңа пән оқытыла бастайды

Dalanews 23 мая 2019 16:25 782

"Мектепте шахмат үйрету" бағдарламасы аясында өткен байқауда Қазақстанның 40 білім беру мекемесі жеңіске жетті, енді оларда 1 қыркүйектен бастап шахмат пән ретінде оқытылатын болды, деп хабарлайды Қазақстанның шахмат федерациясы.

Байқау жеңімпаздары оқулықтармен бірге бүкіл техникалық құрал-жабдықпен қамтылады.

"1 наурыз бен 7 сәуір аралығында Қазақстанда осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін байқау өткізілді. Барлығы 111 өтініш түсіп, сарапшылар кеңесі бір ай бойы әр кандидатураны мұқият қарады", - дейді жобаның менеджері Салтанат Ноғайбаланова, - Байқаудың сыйлық қорында ноутбуктер, колонкалар, көпфункциялы құрылғы, проектор, шахмат тақтасы мен фигуралары, сағаттар және көркемдік материалдар болды. Бұдан бөлек, Қазақстан шахмат федерациясы бастауыш сыныптарға арнайы әзірлеген әдістемелік құралдар мен оқыту бағдарламасы мектептерге беріледі".

Бүгінде бұл бағдарлама Алматы, Павлодар, Қызылорда және Шымкент қалаларының 2 мыңнан астам оқушы білім алатын 44 мектебінде жүзеге асырылған. Материалды игеру оңай болуы үшін арнайы оқулықтар құрастырылып, 85 бапкер мен 41 мектеп психологы дайындықтан өтіпті. Шахматтың балаларға ықпалын тексеру мақсатында 22 мектепте тәжірибе жүргізіліп, оған бастауыш сыныптың 1700-ден астам оқушысы қатысқан.

"Мектепте шахмат үйрету – федерацияның басым бағыттарының бірі, - дейді Қазақстанның шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко, - Жаңа оқу жылында бағдарлама Қазақстанның 34 қаласы мен ауылындағы 84 мектепте жұмыс істейтін болады. Байқауға республиканың барлық облысы қатысқаны өте қуантарлық жайт. Мәселен, Павлодардан 20 өтініш келіп түскен".

Байқауда жеңіске жеткен мектептер елдің 30 қаласы мен ауылында орналасқан: Көкшетау, Ақтөбе, Темір, Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Шу, Жезқазған, Қарағанды, Қарқаралы, Теміртау, Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Екібастұз, Петропавл, Арыс қалалары мен Балқаш, Күршім, Уварово, Құлан, Борсеңгір, Ақтоғай, Көктөбе, Чернорецк, Еңбекші, Еңбекту, Шамалған ауылдары.

Дереккөз: sputniknews.kz

Рекомендовать
Последние новости