«Мықты маман»

Dalanews 09 сәу. 2017 05:16 380

Жақында біздің мекемеге шетелде оқып келген бір жас жігіт қызметке орналасты. Әріптестерім «АҚШ-та оқып келген, мықты маман» деп мақтауын асырды. Үстінен ақ көйлек, галстук, костюм-шалбар түспейді. Қашан көрсең қолына әлдебір қағазды ұстап, бастықтың бөлмесіне қарай құстай ұшып бара жатқанын көресің. Соған қарағанда мықты маман болса мықты шығар деп қойғанмын.  

Таяуда әлгі жігіт менің бөлмеме телефон шалып, өзіне келіп кетуімді, ақылдасатын шаруа бар екенін айтты. Жұрт мақтаған «мықты маман» өзі шақырып, менің «ақылыма» мұқтаж болып тұрғанда қалай қарап тұрайын. Телефонның тұтқасын қоя салып, төменде ораналасқан «мықты маманның» бөлмесіне көп күттірмей, жетіп бардым.

Жылы амандасқаннан кейін жоғарыдан (министрліктен) келген бір әдепкі хатқа (мұндай хаттар біздің мекемеге жиі келеді) қазақ тілінде жауап жазу керек екенін айтты.

Сөйтсем сол бір қазақ тіліндегі үш-төрт сөйлемге АҚШ-та дүниенің оқуын тауысып келген «маманның» миы жетпей жатыр екен. Сондағысы «Сіздердің тапсырмаларыңыз бойынша осындай, осындай жұмыстар атқарылды» деген жауаптың қисынын келтіре алмай, қатты қиналыпты.

Біздің мекемедегі қазақ тіліне жүйірік маман болған соң, қазақша құжаттар менің бір қарауымнан өтетін. Сондықтан «мықты маманның» миы жетпеген жауап хатты табан астында жазып бердім. Ол қатты риза болды.

«Мықты маманның» түр-сықпыты «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келген жастарға ұқсаған соң:

– «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыдыңыз ба? – деп сұрадым.

– Жоқ. Өз ақшаммен АҚШ-та төрт жыл білім алдым, – деді.

– Сонда қандай мамандықты игердіңіз?

– «Индустриалды экономика» мамандығы бойынша білім алдым, – деді. Мына жауаптан кейін қазақ тілін білмейтіні болмаса (бұл енді біздегі әдепкі жағдай ғой, тіпті, сізге кім айтты қазақ тілін білмеу кемшілік деп) шынымен де «мықты маман» екенін түсінгендей болдым. «Мықты маманның» қаншалықты мықты екенін сынай түскім келіп:

– Бәленше-еке, біздің Қазақстанда өзіңіз айтқан «индустриалды экономика» бар ма? – дедім.

– Ағасы, біздің елден ондай «индустриалды экономика» жоқ қой. Ондай экономика мына іргедегі Қытай мен Ресейде, сонау... АҚШ-та бар, – деді.

– Еее.. – деп тіл ұшына келген «Сонда сіз секілді «мықты маманның» Қазақстанға алып-қосар қандай пайдасы бар?» деген сұрақты қоюды артық санап, әңгімені кілт үзуге тура келді.

Жалпы елімізде мемлекеттік бюджет есебінен сырт елде оқып келген (қазақша білмейтін) мұндай «мықты мамандар» көп қой. Бірақ қалтасынан қыруар ақша шығарып, Қазақстанда жоқ мамандықты игерген мына «мықты маманның» іс-әрекетін ақылға сыйдыра алмадым. Мемлекеттің есебінен оқыса түсінуге болар еді (біздің қазынамыз кең қолтық қой, шіркін).

Енді міне, елде жоқ мамандықты игерген «мықты маман» бұрынғы КазПИ-ді бітірген «ортанқол маманның» (өзімді осылай бағалаймын) көмегіне мұқтаж болып жүргені.

Бүгінде мұндай ақылға симайтын әрекеттерге жиі кездесетін болдым. Сондықтан оған бас қатырудың қажеті жоқ шығар, ә?

Жарбол КЕНТҰЛЫ, оқырман. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x