Әкім жұмысын қалай бағалаймыз?

Dalanews 12 ақп. 2017 03:14 325

Билік бұтақтарында құрылымдық өзгерістердің орын алуы Үкіметтің жұмысын алға бастыру үшін маңызды. Біздер көп жағдайда билікте құрылымдық өзгеріс орын алады дегенде «президенттік басқарудан, парламенттік басқаруға өтетін болдық» деп ойлаймыз. Жалпы, бұлай болған күннің өзінде де біздер атқарушы билікте кешенді өзгерістердің қажет екеніне мән бермейміз.

 

Әкімнің білім саласына қатысы жоқ

Білім саласына қатысты айтсақ, меніңше, білім беру жүйесін жергілікті билік орындарынан алып, Білім министрлігінің құрамына беретін кез жетті. Ұлттық бірыңғай тест кезінде мектеп бітірушілер төменгі нәтиже көрсетсе, жалпы көпшілік қауым ең алдымен Білім және ғылым министрін сын садағына алатыны белгілі. Сол сияқты мектепке бөлінген қаржы ұшты-күйлі жоғалып, құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмесе, бәріміз министрді айыптаймыз. Халық білім саласының қожайыны Білім және ғылым министрлігі деп есептейді. Шындығында олай емес.

Алдағы уақытта аудандық, облыстық деңгейдегі білім басқармаларын әкімдердің қарауынан алып, Білім және ғылым министрлігінің құзіретіне толықтай тапсыру керек. Салық, сот орындары жергілікті билік орындарына қалай тәуелсіз болса, білім саласы да солай әкімдерге бағынышты болмауы керек.

Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрі болып тағайындалғаннан кейін ҰБТ аудан әкімдерінің атқарған жұмыстарын бағалайтын көрсеткіштер қатарынан алынып тасталынды. Өз басым қанша ойласам да ҰБТ мен әкімнің арасынан қандайда бір қисында байланыс таба алмадым.

ҰБТ әкімдердің жұмыс көрсеткішін айқындайтын құрал болып тұрғанда жергілікті билік орындары жастардың тест барысында көп балл жинауы үшін түрлі қитұрқылықтарға барды.

Аудан әкімдерінің орынбасары ҰБТ-ны бақылайтын комиссияның төрағасы болып, ҰБТ-ны саудаға салғанын да білеміз. Тест сұрақтары мен жауаптары мемлекеттік құпия секілді қорғалса да, жергілікті әкімдіктер жанынан құралған комиссиялар оны ата-аналарға саудалап, орта білім саласын орға жығумен болды. Сондықтан болашақта ҰБТ аудан орталықтарында емес, жоғары оқу орындарында өткізу керек.

Әкімдер білім саласына төрелік айтқанша, ондаған жылдан бері түйінін тарқата алмай келе жатқан коммуналдық шаруашылық, ауыз су, жол мәселесін шешіп алса жарар еді.

 

Көмір тасымалдау – маңызды шаруа

Бүгінде Қазақстанның барлық аймағында күн суытып, қыс түскенде көмір жетіспеушілігі орын алып, жұрттың әбігерге түсуі әдетке айналған. Егер әкімдердің қаншалықты жан аямай жұмыс істеп жатқанын анықтау қажет болса, аудан халқын отын-сумен қаншалықты қамтылғанымен әкімдердің жұмысын бағалайық. Егер аудан әкімінің жұмысын отын-сумен бағалайтын болсақ, әкімдердің бәрі сүрінер еді.

Менің туған жерім Панфилов ауданында биыл көмірдің бір тоннасы 18-19 мың теңгеге дейін шарықтапты. Жұртты көмірмен қамтамасыз ету ісімен қазір негізінен жекелеген кәсіпкерлер айналысады. Олар ауыл-ауылды аралап, жеке жүк көлігімен көмір сатады. Ал әкімдер болса, бұл іске қатысы жоқ.

Егер әкімдер халыққа жаны ашыса, көмір тасымалдаумен айналысып жүрген кәсіпкерлердің ісін субсидиялау турасында бастама көтеруі керек еді. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін аудан басқарған әкімдердің бірде-біреуінің осы мәселені көтеріп, жоғарыға ұсыныспен шыққанын естіген де, көрген де емеспін.

Есесіне, ескі жүк көліктерін жамап-жасқап, жергілікті халыққа көмір тасыған кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіріп, оларды ауыл-ауылды аралап, көмір сатуына құқық қорғау органдары қызметкерлері арқылы (бұл жерде әкімнің бір кәсіпкердің мүддесін қорғағаны байқалып тұр) кедергі келтіргенін естідім.

 

Аудан әкімдері арасында «болашақтықтар» неге жоқ?

Қазіргі таңда ауылда мал бағып, егін егіп, бау-бақша өсіріп отырған шаруаларға қаншалықты субсидия беру керектігін Астанада отырған ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің сарапшы мамандары анықтайды. Олардың шынайы өміріміздегі қандай жайттарға сүйеніп, субсидияның мөлшерін белгілейтіні мен үшін белгісіз. Менің ойымша, қандай дақылға, малдың қай түріне қаншалықты субсидия беру қажеттілігін аудан әкімдері айтуы тиіс. Өйткені, олар шалғайда жатқан ауылдардың жағдайын бес саусағындай біледі. Өкінішке орай, аудан әкімдері аузын буған өгіздей тыныш отырғанды жөн санайды.

Егер атқарушы билікке құрылымдық өзгерістер жасайтын болсақ, аудан әкімдерінің жұмысын жандандыратын тетікті қарастырудың маңызы зор. Аудан әкімдері қозғалып, жұмыс істемейінше, ауыл өсіп, өркендемейді. Тағы да бір айтатын, Қуандық Бишімбаев сынды «Болашақтың» түлектерін Астанаға жинай бермей аудандарға әкім етіп тағайындап, жұмыс істететін кез келді.

Нұрлан Жұмахан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x