Күдебаев елден қашып кетті – БАҚ

Dalanews 01 сәу. 2023 13:12 246

Бірқатар ақпарат құралдары Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы генерал Серік Күдебаевтың елден тайып тұрғанын хабарлады деп жазады Dalanews.kz. 

Бұған дейін Күдебаевтың сәуірдің 3-і күні сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетіні және сол күні оған үкім оқылатыны хабарланған.

Айыптаушы тарап Қаңтар оқиғасы кезінде жұмыс орнын тастап кеткен Алматы облыстық полициясының бұрынғы басшысын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Серік Күдебаевтың соты қаңтар айында басталған. Ол Қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған. Анықталғандай, Алматы облысының ПД бұрынғы басшысы "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік" деген күдікке ілінген.

Күдебаев 2020 жылдың қаңтарынан бастап Алматы облысының полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған, ал 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.

Күдебаевтың қорғаушысы Сәуле Әбжанова оның қайда жүргенінен хабарсыз болып шықты.


"Азаттыққа" пікір білдірген Әбжанова:

"Ол соңғы сот отырысына қатысқан жоқ. Сол себепті (оны) сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы шешім қабылданған. Біз оның орналасқанын жерін білмейміз", – деді.

Адвокаттың мәлім еткеніндей, Күдебаевтың ет жақындары генералдың қолында жеке клиникада ем-дом алуға рұқсат беретін құжаты барын айтқан.  Тергеу амалдары жүріп жатқан тұста оған елден шығуға шектеу қойылған, алайда оның мерзімі өтіп кеткені белгілі болды.

Қаңтардан соң Талдықорғанда шеруге шыққандар жаппай қамалып олар жантүршігерлік азаппен азапталған. Үтік басылып, тырнақтарының көбесіне шеге сұғылған, тістері жұлынып, қол-аяқ, қабырғалары сындырылған. Алайда азаптаушылардың дені маскамен жүргендігін алға тартқан құзырлы орган әбірленушілердің көбінің ісін тоқтатып тастаған.

Тек 23 жәбірленушінің арызымен 5 полиция қызметкері қамауға алынып 3-5 жылға сотталған болатын. Оның бірі арнайы жасақ қызметкері Ермек Жұмашев өзінің тек генерал Күдебаевқа ғана бағынғанын, тек соның ғана бұйрығын орындайтынын айтқан.

Foto: Orda.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x