Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің аса қажет ұйым екенін дәлелдеді - Башир Солсанов

Dalanews 28 ақп. 2023 04:55 344

Қазіргі таңда бүкіл әлем елдері күрделі геосаяси жағдайда өмір сүріп жатыр. Өкінішке қарай, қақтығыстар мен келіспеушіліктер қазіргі шындықтың бір белгісіне айналған, осындай жағдайда республикамызда бейбітшілік пен келісімді сақтау өте маңызды. Астана қаласындағы «Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Башир Солсановтың айтуынша, Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері бәріміздің отанымызға айналған елге шынайы құрмет көрсетуі керек.

«Біз еліміздің азаматтары ретінде мемлекеттік тілді білуге, Қазақстан тарихын зерттеуге міндеттіміз. Отансүйгіштік, ел рәміздерін қастерлеу мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Біз тәуелсіз Қазақстанның азаматы екенімізді мақтан тұтамыз!», - деді ол.

Башир Уматгерейұлының өзі Астана қаласында туған, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, белгілі кәсіпкер әрі меценат. Ол айналасына қамқорлығымен танылған, елорданың қоғамдық өміріне де белсене араласады, өзгелерге қол ұшын созуда, көмектесуде біршама еңбек еткен. Оның хоббиі жақсылық жасау деп айтуға болады!

Башир бізбен әңгімесінде еліміздегі қоғамдық-саяси жағдай барлық күштердің бірігуін талап етіп отырған қазіргі уақыттағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жайында да әңгімелеп берді. 1995 жылы тұңғыш президенттің бастамасымен ірге қалаған ұйым өзінің қаншалықтың маңызды екенін дәлелдеп үлгерді. Ассамблея өз шаңырағының астына республиканың барлық ұлттық-мәдени құрылымдарын біріктіріп, ұлтаралық бірліктің өзіндік орталығына айналды.

«Вайнах» этномәдени бірлестігі 1990 жылдан бері жұмыс істейді. Теміржолшылар сарайында өткен алғашқы ұйымдастыру жиналысында «Вайнах» қоғамының төрағасы болып Салман Героев есімді азамат сайланған болатын. Ол 30 жылға жуық қоғамымызды өзгеріссіз басқарды. Салман Сайдарұлы – өте құрметті адам, ел Парламентінің депутаты болды, шешен-ингуш ұлттық орталығының Отанына айналған Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына көп еңбек сіңірді. Мыңдаған отандастарымыздың осы мемлекетке қызмет етуін ұйымдастыра білді», - деді Башир Солсанов.


Оның өзі 2018 жылы «Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы болып сайланған. Қазір «Вайнах» қоғамы Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте танымал. Бірлестіктің миссиясы ешқашан өзгерген емесе ол – Қазақстанның гүлденуіне қызмет ету, елге лайықты азаматтарды тәрбиелеу!

«Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі туралы айтатын болсақ, оның құрылуы қиын кезеңге, республика үлкен экономикалық қиындықтарды бастан өткеріп жатқан шаққа тұспа-тұс келді. Ол кезде еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін біріктіру өте маңызды болды. Қазақстан халықтары Ассамблеясы бұл істі қолға алып, күш біріктіріп, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алды деп есептеймін. Сол кезде мен ұлттық мәдени орталықтарға үлкен ақпараттық қолдау көрсеткен «Азамат таймс» ұлтаралық келісім газетін құрудың бастамашыларының бірі болды», - деді Ассамблея мүшесі.

Ол Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, мақсаты мен міндеттері өзгермегенін атап өтті. Ол – этносаралық келісім, республикадағы барлық ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дамыту және қолдау. Әрине, отансүйгіштікке, қазақ халқына құрметпен қарауға тәрбиелеу де назардан тыс қалмаған. Өйткені, қазақ халқының қонақжайлығының арқасында 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері Қазақстаннан пана тапқан.

Башир Уматгерейұлының сөзіне қарағанда, «Вайнах» халық би ансамблі Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан аумағына танымал. Оның шығармалары үнемі аншлагпен өтеді. Былтыр 24 қазанда елордалық «Жастар» сарайында Республика күніне арналған «Вайнах» ансамблінің үлкен концерті өткен. Оған Ингушетияның Ақтау қаласынан келген қонақтар қатысыпты. Мұндай іс-шаралар екі елдің мәдениетін бірін-бірі жақынырақ тануға мүмкіндік береді, қарым-қатынасты жақындастырып, өзара түсіністік атмосферасын қалыптастырады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының тағы бір маңызды бағыты – ұлтжандылыққа, қазақ тіліне, мемлекеттік рәміздерге, яғни, туған ел атанған елге құрметпен қарауға тәрбиелеу. Бұл жұмысты іргелі ұйым үнемі жүргізеді. Ұлтаралық келісімнің негізі дәл осы құрамдастардан қалыптасады. Барлық этно-мәдени бірлестіктердің жанында жексенбілік мектептер жұмыс істейді және онда біз балаларға Қазақстанның өткені мен бүгінін айтамыз. Қазақстанда қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрақты негізде қазақ тілін білуге ​​арналған конкурстарды республика көлемінде өткізсе, бұл жастар үшін жақсы стимул болар еді», - деген ойын да жеткізді«Вайнах» этно-мәдени бірлестігінің төрағасы.


Ол туған жеріндегідей Қазақстанда өздерін еркін сезінетіндері үшін осы жерге, қазақ халқына ризашылығын білдірді. Тәуелсіздік алғаннан бері «Вайнах» республика деңгейінде де, елордада да нағыз қолдауды сезініп, шығармашылықпен тұрақты түрде айналысып келеді. Башир елорданың басқа этномәдени бірлестіктері де өзінің ойымен келіседі деген сенімде. Қазақстандағы вайнахтар әрқашан қайырымдылық істеріне бел шешіп кіріседі және оның оны бағаланатынын мойындайды.

«Біз өмірдің көптеген салаларында қазақстандықтардың халықаралық деңгейде танылуына қол жеткізіп жатқанына шын жүректен қуанамыз әрі осыған атсалысқанымыз да мақтаныш сезімін сыйлайды. Шетелге шыққанда Қазақстан азаматының көк төлқұжатын сондай марқайып көрсетеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы да сындарлы саясатының арқасында республикамыз жоғары деңгейдегі кездесулер өтетін орынға айналды. Бұған жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі, АӨСШК саммиті, ТМД саммиті, ЕО-Орталық Азия саммиті жарқын мысал бола алады. Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің артқанын айғақтайды. Қиын жаһандық саяси үдерістерге қарамастан, Қазақстан өмір сүруге жайлы және бейбіт ел болып қала береді», - деді Башир Солсанов.

Башир Уматгерейұлы егемендіктің алғашқы жылдарында нарықтық экономикаға көшу өте қиын болғанын да атап өтті. Ең бастысы, менталитетті өзгерту, жаңа категорияларда ойлауды бастау қажет болды. Мүмкін бұл ең қиын процесс болған шығар. Өйткені, өндірістік байланыстардың барлығы дерлік үзілді. Сол тұста астананың Ақмола қаласына көшуі тағдырлы оқиғаға айналды. Жалпы, жаңа астананың құрылысы экономиканың барлық саласын өзімен бірге сүйреген локомотив болып шыға келді. Банктер лизингтік бағдарламаларды ұсына бастады, бұл машиналар мен жабдықтар паркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік берді. Ең бастысы, жұмысқа деген көзқарас өзгерді, қоғамда оң өзгерістер сезіле бастады. «100 мектеп, 100 аурухана» және тағы басқа өте қажет және тиімді бағдарламалар пайда болды.

«Иә, қазір Қазақстан әлемдік экономикалық кеңістікке интеграцияланған және оның жағымды жақтарымен қатар, келеңсіз салдары да бар. Яғни, біз девальвация мен басқа да проблемаларды толық сезінеміз. Соған қарамастан, осынау күрделі жаһандық жағдайда да Қазақстан қолда бар резервтерді пайдалана отырып, одан шығудың жолдарын іздеуде», - деді Ассамблея мүшесі.

Ол «Вайнах» ансамблі құрылған алғашқы күннен бастап кәсіпкерлердің кең қолдауын көргенін есіне алды. Бизнесмендер оны ұстауға қомақты қаржы бөліп келеді.

Баширдің өзі де Астана қаласы мәслихатының депутаты ретінде Астанадағы «Агроқалашық» ауданында жаңа мектеп салу мәселесін үнемі көтеріп жүрді. Елорда әкімдігінің қолдауының арқасында бүгінде үш қабатты жаңа заманауи орта мектеп бой көтерген. Балалар жарық сыныптарда оқиды, түрлі үйірмелер жұмыс істейді. №20 мектептің базасында тіпті елордалық Оқушылар сарайының филиалы бар.

«Мен 60 жылдан астам уақыт бойы осы ауданда тұрып келемін және жерлестерімнің арман-тілектері мен мәселелері маған өте жақсы таныс, мен оларды бес саусағымдай білемін. Мен Астана қаласы мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты ретінде үнемі қажет шараларды қабылдауды көтеріп келдім. Әлі де осы бағытымнан айныған жоқпын.

Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға жақсы жағдай жасалған, табыс табуға мүмкіндігіміз бар. Өз кезегінде, бизнес те әлеуметтік бағытты болуы керек, әртүрлі себептермен денсаулығынан айырылған, қарапайым қажеттіліктерді шеше алмайтын адамдарға көмектесу керек. Яғни, қоғамды не толғандыратынын білуге тиіспіз. Ауданымызда жүздеген ұлдар жаттығатын спорт залы көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Рухани жағын да ұмытпаған абзал. 2011 жылы кәсіпкерлеріміздің қаржысына мешіт салынып, мыңдаған жамағаттың басын қосатын орынға айналды. Мұнда да түрлі мұсылмандық рәсімдер өткізіледі», - деді «Вайнах» орталығының жетекшісі.


Сол сияқты, ол кәсіпкерлердің Агрогородокта орналасқан Сарыарқа ауданының ардагерлер клубына қамқорлық жасауына ықпал еткен. Онда ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, әңгімелесуіне, шай ішуіне барлық жағдай жасалған.

Кейіпкеріміз 1991 жылдан бері екі рет халық биі атағын алған «Вайнах» би ансамблінде 16-дан астам ұлттың балалары өнер көрсететінін жеткізді. Демек, «Вайнах» – көп ұлтты ұжым. Бұл мәдениеттердің араласуы болса керек.

«Бізде әу бастан саналы мақсат пен міндет болды. Өзімізге ұнайтын іспен айналысып, қоғамға, елімізге, Қазақстанға пайдалы болғанымыз үшін Аллаға мың да бір шүкір! Жұбайым екеуміз балалардың бойына мейірім мен еңбекқорлықты сіңіруге тырыстық. Бала-шағаң қасыңда, немере-шөберелерің жүгіріп жүрсе, бұдан жақсы сәт жоқ екенімен әрбір ата-ана келіседі деп ойлаймын! Бұл – нағыз бақыт!

Мен осынау өлкеге, қазақ халқына алғыс айтамын, осы халықтың арқасында мен ер жетіп, есейіп, Орталық Азиядағы ең үлкен қалалардың біріне айналған Астананың гүлденуіне өзімнің қарапайым үлесімді қостым!» - деді сөзінің Башир Солсанов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x