Ведомство басшысы әуелі аймақтағы ең ірі өнідіріс ошағы «Маревен Фуд Тянь-Шань» азық-түлік өндіретін зауытына барды. 2018 жылы іргетасы қаланып, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көрген бірегей жоба тез дайындалатын макарон өнімін, алкогольсіз сусын мен дәмдеуіш өндірумен айналысады.
Кәсіпорын 850 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі кезде мұнда жылына 85 мың тонна өнім өндіріледі. Зауыттың толық-қанды іске қосылуы үшін тартылған инвестиция көлемі 35 млрд теңгені құраса, соның 593 млн теңгесі «Бизнестің жол каратсы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қарастырылған болатын.
«Маревен Фуд Тянь-Шань» басқарушы директоры Станислав Дегтяревтың сөзіне сүйенсек, қосымша өндірістік желіні орнатуға газ, су және электр қуаты керек.
Айта кетейік, зауыт басшысы алдағы уақытта логистикалық қол жетімділікті жақсарту нысанаға алынатынын айтып, министр Әлібек Сәкенұлына осы мақсатта тағы бір теміржол желісін тарту керектігін жеткізді.
Тағам өндірісінің аяқ алысын бақылаған ведомство басшысы жылдық қуаты 10 мың тонна теңіз балығын өндіруге қауқарлы балық өнеркәсібі кешені құрылысымен танысты. Таяу болашақта бұл маңда «Баррамунди» балығын өсіру жоспарланған. Бүгінде балыққа арналған арнайы бассейндер толық орнатылып біткен.
Алайда, енді ғана жұмысын бастауға қамданып жатқан кәсіпорынға инфрақұрылым жүргізу ауадай қажет. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министріне зауыт басшылығы айтты.
– Біз сумен, газбен жабдықтау, электр мен кәріз желілерін тартуға бюджеттік өтінім бердік. Мақұлдануын күтеміз. Барлығы 900 млн теңге, – дейді зауыт өкілдері.
Министр көтерілген мәселелер Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, мұқият зерделенетінін айтты. Жалпы, кешеннің құны – 67 млрд теңге. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, мұндай кәсіпорындар өңірге, әсіресе азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Облыстағы қос бірдей зауытты аралаған министр келесі кезекте облыстық әкімдік ғимаратында өңірдің бас жоспарымен танысты. Онда G4 City мен Қонаев қаласының бас жоспары көрсетілді.
Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың айтуынша, 107 тұрғын үйдің құрылысы басталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, қазына есебінен 13 тұрғын үйдің іргетасы қалану үстінде. Қонаев қаласының әкімінің айтуынша қалада 5 білім мекемесі салынбақшы. Оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасының шеңберінде кереге жаймақ.
– Бізде жалпы аумағы 1,3 мың гектарды алып жатқан индустриялық аймақ бар. 2022-2024 жылдар аралығында 8 бірдей ауқымды инвестициялық жоба іске асады деп көзделген. Мұндағы алаңдатқан бір мәселе қосалқы станция салу. Біз бұған дейін 160 МВт-қа жобалық-сметалық құжатын жасап, өткіздік. Алайда, бұл аздық етеді. Сол себепті, келер жылы 200 МВт қосалқы станцияға өтініш береміз, – деді Нұрлан Құматаев.
Қала әкімінен кейінгі кезек, облыстық туризм басқармасының басшысы Айбар Теменовқа келді. Ол өз кезегінде ішкі туризмді, оның ішінде тау класстерін дамытуға арналған тың ойларын ортаға салып, Этноауылға арналған аймақ жасалатынын тілге тиек етті. Туризмда ақсап тұрған тағы бір іс ол – маман тапшылығы.
Айбар Теменов, «Дипломмен ауылға» бағдарламасында дәл осы саланың білімгерлері қарастырылмағанын айтып, ендігі жерде осы жұмысты қолға алуды ұсынды.
Аймақтың әлеуетіне шолу жасаған ведосмтво басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңеске қатысып, жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті. Олардың көкей кесті сауалдарына жауап берді. Жиынды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жүргізіп, өңірдің экономикалық ахуалына қысқаша тоқталды.
– Біздің өлкеде шағын және орта бизнес өкілдерінің саны қазірдің өзінде 116,6 мыңға жетіп, республикада 4-ші орынды иелендік. Тек 2022 жылдың 9 айында олармен өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 2 трлн теңгеден асты, ал бюджетке 220,2 млрд теңге түсті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 36,7%-дан 45,5%-ға дейін өсті, – деді аймақ басшысы Марат Елеусізұлы.
Алматы облысы әкімінің сөзінен кейін кездеуге жиналған бизнес өкілдері сауалдарын министрге тікелей жолдады. Кездесуде сөз алған кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіпті, фармацевтика саласын дамыту мәселелерін және кәсіпкерлікті дамытудың басқа да өзекті мәселелерін көтерді. Инфрақұрылым құрылысы мәселелеріде шете қалмады.
Кездесу қорытындысы бойынша Әлібек Қуантыров бизнес пен мемлекеттің өзара ынтымақтастығы үшін тұрақты жұмыс істейтін алаң болуға тиіс өңірлік бизнесті дамыту институттарымен нақты өзара іс-қимыл қажет екенін атап өтті. Өз тарапынан ол кәсіпкерлер айтқан барлық проблемалық мәселелерді қарауға және назарға алуға дайын екенін білдірді.
– Жұдырықтай жұмыла отырып, біз алға қойған барлық міндеттерді орындайтынымызға және Алматы облысының өркендеуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынымызға сенімдімін, – деді министр.
Артынша, Әлібек Сәкенұлы азаматтарды қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар әр түрлі мәселені қозғады. Мысалы, Қонаев қаласына іргелес жатқан Арна ауылынан келген Самғат Қуанышбекұлы «Дипломмен ауылға» бағдарламасында берілетін 1,5 мың АЕК мөлшердегі көтерме жәрдемақыны 3 000 АЕК –ке дейін ұлғайтуды сұрай келіпті. Жас маманның сөзіне сенсек, қазіргі таңда облыс орталығы ауысқалы бері мұндағы үй бағасы тым қымбаттап кеткен. Сол себепті, бүгінгі берілетін көтерме ақы баспана алуға жетпейді. Дәл осы жағдайын шешімін министрден тікелей сұрады.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, бұл мәселе қарастыру үстінде екенін, аталған соманы 2,5 АЕК көрсеткішке дейін көтеру жоспарланғанын айтты.
Министрдің жеке қабылдауына келген жас кәсіпкер Ғабит Бегалы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тұрақтандыру қорына қаражат бөлу туралы ойымен, мезгілді қымбатшылықтың алдын алуға бөлінген қаржы әлеуметтік осал топтарға бөліп берудің арнайы бір тетігін қарастыруды сұрап келген. Оған ведомство басшысы әлеуметтік әмиян арқылы тұрмысы төмен отбасыларға қаржы жіберілетінін айтып өтті.
Сондай-ақ, министр азаматтарды қабылдап болған соң, Шеңгелді алабына барып, суару жүйесін дамыту, егіс алқаптарын ұлғайту мәселелерімен танысып, «Шин-Лайн» балмұздақ шығаратын кәсіпорынына барды. Қуаттылығы жылына 63 мың тонна болатын зауыт жобасының жалпы құны 32,4 млрд теңгені құрайтынын атап өтті.
Бұл – ТМД-дағы балмұздақ шығаратын ең сапалы зауыттардың бірі. Егер бүгінде ол 20%-ға жуық экспорттайтын 18,5 мың тонна өнім шығарса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 мың тоннаға дейін өсуі тиіс және экспорт тиісінше 50%-ға жетеді деп күтілуде.
Алматы облысындағы жұмыс сапары екі күнге жалғасқан ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылына табан тіреді.
5639 тұрғын тұратын ауылда су желілерінің 90 пайызының тозығы жеткен. Аталмыш аймақтың атқа мінерлері министрге осы мәселенің түйінін тарқатуға қол ұшын созуды сұрады.
Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісовтың сөзіне сүйенсек, 2022 жылы жобалық-сметалық құжатты дайындауға қаржы бөлініп, жоба толықтай қағазға түсірілген.
– Жоба негізінде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастайтын болсақ, ауылға жаңадан 40 шақырым ауыз су жүйесін тартамыз және де 1318 аула тұтастай таза сумен қамтамасыз етіледі. Біз ұсынған жобаны іске асыруға 1,5 млрд. теңге қаражат керек, – дейді Абзал Еркінұлы.
Сондай-ақ, жауаптылар Мыңбаев ауылының күн-батыс жағында жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 200 гектар жерге инфрақұрылым жүргізу жоспарланғанын айтты.
Келешекте бұл маңға 24 шақырым ауыз су жүйесі, 31 шақырым электр желілерін тарту көзделген. Аталған жоспар жүзеге асса, кезекте тұрған 2000 адам инрфақұрылымы бар жермен қамтамасыз етіледі.
Жамбылдықтар алға тартқан кезекті мәселе, Сарыбай би ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу болды.
1961 жылы іргетасы қаланған ғимарат соңғы 60 жылда жөндеу көрмеген. Советтік кезеңде бой көтерген нысанның қабырғалары өз қалпын жоғалтпаған, тек сырты мен ішін әрлеп, күрделі жөндеуден өткізу жеткілікті. Бұл үшін 278 млн теңге қаржы қажет. Ведомство басшысы бұл өтінім, қаралатынын мәлімдеді.
Деседе, аймақтағы ахуал анау айтқандай нашар емес. Дәл осы Сарыбай би ауылында мектеп «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен. ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров білім ошағына арнайы бас сұғып, жүргізілген жұмыстарға оң бағасын берді. Мектеп қабырғасында ауылдың тұрғындарымен кездесіп, ауылдық жерлерді көркейтуге күш салып, арнайы тұдырымдама жасалынып жатқанын тілге тиек етті.
– Президент өзі айтқандай ауылдарға ерекше көңіл аударылады болады. Арнайы тұжырымдамада дайындалды. 2023-2025 жылдар ауылдарды дамытуға бағытталады. «Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінетін бюджеттің көлемін ұлғайтамыз. Біздің мақсат инрфақұрылымды ретке келтіру арқылы, ауылдар арасындағы теңсіздікті жою. Ал жалпы алғанда Алматы облысында жағдай жақсы, – деді Әлібек Сәкенұлы.