«Қарауылда тұрып, қалайы тәрелке жуатынбыз». Журналист орыс әскерінің әлеуеті жайында айтты

Dalanews 13 мам. 2022 04:20 266

Белгілі журналист Нұрлыбек Саматұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ресей әскеріндегі деградация өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері жалғасып келе жатқанын жазды.

1984 жылғы күзде, институттың екінші курсын бастағанда әскерге алындым. 1985 жылдың көктеміне дейін Украинаның Чернигов облысында танкінің қыр-сырын оқытты. Теориясы бар, практикасы бар дегендей... Бірақ оқығанымыздан гөрі көшенің қарын күреген күніміз көп болды. «Харьков деген «қар көп» деген сөзден шыққан» деп украиндық тарихшы, археолог профессор Крупа Татьяна Николаевна айтқандай, кешке басталған қар таң ата әрең толастайды. Көктем шыққанша қармен алыстық.

Танкі дегені кәдімгі трактор сияқты. Т-55 дегені ескі-құсқы ебедейсіз әлдене. Әйтеуір жүргізуді үйрендік.

Емтихан тапсыратын шақ туды. Бір орыс солдат «Танкінің ішіне су жиналып қалса не істейсің?» деген сұраққа жауап бере алмай қалғаны бар. Ауылда мотоциклдің бесігін (люлька) толтырып балық әкелуші едік. Балықты түсіріп алған соң ішін сумен жуатынбыз. Бесіктің түбінде бармақтың басындай тесік бар. Жиналған су сол тесіктен жерге ағып кететін.

Сол есіме түсіп: «Мен айтам» дедім қолымды көтеріп. Мұрты едірейген орыс капитан маған жалт қарап: «Ал, айт!» деді. Мен «башняның» табанында тесік бар, содан ағызып жіберем» дедім.

– Қалай? Ол тесік бітеу ғой?

– Болтпен бекітілген. Болтты кілтпен бұрап алып тастаймын.

– Болды! Өттің емтиханнан! –деді.

Мұртты капитан «қазақтың білгенін білмедің» деп, орыс баланың жер-жебіріне жетіп ұрысты. Маған бес қойды. Емтиханынан сөйтіп құтылдым. Әйтпесе, билеттегі сұрақты түсінбей отыр едім.

Сонымен «учебканы» бітіріп, қазіргі Луганскіге келдік. Ол кезде атауы Ворошиловоград болатын.

Барған бетте 9-шы мамырдағы әскери шеруге бір ай дайындалдық. Басқа шаруаны былай ысырып тастаған. Бір жарым жыл уақытта бірер мәрте автомат аттырған, бірер мәрте жорыққа шыққан кезіміз болды.

Қалған өмір салп-салп, салп-салп... қарауылда тұру, асханада қалайы тәрелке жуу... күніміз босқа өтті.

Егер сол кезде Путин мен Лавров айтып қоймайтын военный операцияға апарса, бет-бетімізге қашатын нағыз біз болар едік. Өйткені сол кезде Совет армиясы шын мәнінде бардак болатын. Солдат түгілі офицерлердің өздері қашып-пысып, әйтеуір күнін ілдалдамен өткізіп жүргендей көрінетінбіз.

Соғыс өнерін үйрету деген атымен жоқ. Танкілер бокстен өмірі шығып көрген емес. Мұражайдың мүлкі сияқты, маңқиып тұрғаны тұрған. Басқа да техникалар солай. Астына ағаш қойып, жерден көтеріп тастаған. Солай тұрып-ақ күн жеп, көнеріп бітетініне сөз жоқ-тын.


Біздер анда-санда шаңын сүрткен болып, сол жақта ұйықтап қайтамыз. Қарауылда жүріп те ұйықтайтын қуыстарымыз болатын.

Осылай екі жыл есіл уақыт әрең өтті. Айбынды деп саналатын Кеңес армиясының 1984-1986 жылғы сиқы, міне, осындай-тұғын.

Одан беріде 90-шы жылдар басталды. Бұл, сөз жоқ, әскердің жағдайы одан сайын құлдыраған кез. Сол құлдыраудан Кеңес армиясының мұрагері Ресей армиясының қайтып аяққа тұрмағаны анық.

Ресей қарулы күштерінде қызмет ететін кіші офицерден генералға дейінгі командирлер түгел жемқорлыққа батқан. Ең бастысы әскери техника баяғы моторлар соғысы кезіндегі деңгейден алысқа ұзамаған.


Ресей жастарының әскер қатарына барғысы келмейтіні өз алдына бөлек әңгіме. Баяғы Германия фашистерімен болған соғысты бейнелейтін кинолар мен роман, повестер кейінгі жастар үшін қызықсыз.

Сөйткен Ресей әскері қазір мың-мыңдап Украинаның даласы мен ормандарында шыбындай қырылып жатыр.

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x