Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес қоғамның міндеті екенін танытатын ауқымды басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен ата-аналар, қоғам қайраткерлерімен қоса ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Саясат Нұрбек, Ләззат Рамазанова, Ирина Смирнова және Алматы қаласының әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қатысты.
Ал форумның басты қонағы белгілі педагог ғалым, гуманды педагогиканың негізін қалаушы академик Шалва Александрович Амонашвили мен психология ғылымдарының докторы, профессор Паата Шалвович Амонашвили болады.
Шара барысында Шалва Амонашвили баланың жеке басын бағалау жүйесі туралы адамгершілік қатынасқа негізделген педагогикалық әдістеме-ұстанымдарымен бөлісті.
Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен «Сенімен Болашақ» РҚБ жұмысына сәттілік тіледі. Өскелең ұрпақты еңбекке, ұлтшылдыққа тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді насихаттаудың маңызына тоқталды. «Ата-аналар саналы ұрпақты бірге тәрбиелеп болашағымызды жарқын ету, тек біздің қолымызда» – деді Дана Нұржігіт.
– «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның негізін қалаушы Нүркен Асанов бірлестікті құрудағы негізгі мақсатын айтып, ұйымның бүгінге дейін атқарған жұмыстарына тоқталды. «Біздің мақсат – әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге біріктіру. Бала мен ата-ана арасында тығыз әрі шынайы қарым-қатынас болса, ондай балаға қоғам әсер ете алмайды. Сондықтан әрбір ата-ана қоғамды жақсартуға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі орта қалыптасады – деп атап өтті Нүркен Асанов.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Саясат Нұрбек «Жаңа мамандықтардың атласы» тақырыбында сөз қозғап, мамандықты дұрыс таңдау мен еңбек нарығын түсіну туралы ойларымен бөлісті. Бала болашағы үшін маңызды шешімнің бірі – мамандық таңдау тақырыбында сөз қозғаған ҚР Парламенті мəжілісінің депутаты еңбек нарығында жаңадан пайда болатын және 5-10 жылдан кейін де сұранысын жоймайтын мамандық түрін айтты.
Шара барасыныда қоғамда ата-ана мәдениетін қалыптастыру, баланы жан-жақты дамыту үшін ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі тақырыбындағы мәселелер қозғалды.
Пленарлық отырыстан кейін ата-аналар мен ұстаздар тренингтерге қатысып, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, бала психологиясы тақырыбында дәрістер тыңдады.