ОҚО жұрты қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Dalanews 01 мау. 2017 03:12 209

31  мамыр – саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күні.  Осыған орай бүгін «Қасірет» мемориалында қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасы өтті.  Жиынға облыс әкімі  Жансейіт Түймебаев,  облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов және бірқатар ел ардақтылары мен саяси қуғын-сүргін және депортацияға ұшыраған халықтың ұрпақтары қатысты.

Өңір басшысы бастаған зиялы топ  алдымен  «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Қасірет» мемориалына жиналған қауым нәубет жылдары қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Облыс әкімі өз сөзінде тоталитарлық озбыр саясат жүргізген қудалаудың салдарынан құрбан болған азаматтарымыздың түрмеге қамалғанын, жазықсыз жандардың рухын ардақ тұту бүгінгі және келер ұрпаққа жүктелетін асыл міндет екенін айтты.



– 1935-1938 жылдар аралығында республикамызда   113 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, 25 мың қазақ халқының және Қазақстан жерiнде мекен еткен басқа да ұлттардың алдыңғы қатарлы зиялы, көрнектi ұлдары жазықсыз атылды. Қасіретті жылдары Оңтүстiк Қазақстан облысы   бойынша 2500 адам “Халық жауы” деп атылды, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Мұнан соң, мінберге саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Кенбаевтар әулетінің ұрпағы Қайрат Бураханов шығып, зұлмат заманның қиындықтарын баяндады.

«Сол зұлмат заманда Кенбаевтар әулетінің 10 азаматы жазықсыздан жазықсыз шейіт болды. Екі атамыз 1928 жылдары Шымкенттегі түрмеде азаппен, аштықпен өлтірілсе, қалған 8 атамыз жазықсыз оққа ұшты»,- деді қария.

Шара барысында көпшілік қауым зұлмат заманнан сыр шертетін театрландырылған қойлымды  тамашалады.



Еске сала кетейік, 1935-1938 жылдар аралығында елiмiздiң бiртуар азаматтары жаппай қуғын-сүргiнге ұшырады. Кеңес өкiметi халықтарының 4 миллионнан астам азаматы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың құрбанына айналды. Сол жылдары сұрапыл саясаттың салдарынан 507 мың қарашай, шешен, 180 мың қырым татарлары мен 110 мың поляктар, тағы да көптеген ұлт өкiлдерi Оңтүстiк Қазақстанға күштеп жер аударылды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x