Мақсат Ілиясұлы көптеген заңды өзгерту керек екенін айтты

Dalanews 14 мам. 2016 05:50 258

Астанада өткен Жер комиссиясының отырысында заңгер, «Алаш жолы» қозғалысы жетекшілерінің бірі Мақсат Ілиясұлы осындай ұсыныс жасады, , - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Заңгер сөзін жер реформасы жөнідегі комиссияның құқықтық мәртебесінен бастады.

«Комиссияның заңдық-құқықтық мәртебесі анықталған жоқ. Ақырғы шешімі қалай болатынын, ол қандай жолмен қабылданатынын білмейміз. Комиссия дау туғызған заңның өзгеруіне ықпал ете ме? Біз парламент жанындағы жұмыс комиссиясына мүше бола аламыз ба деген көптеген сұрақтар бар.

Осыған орай, «Алаш жолы» қозғалысы атынан бірқатар ұсыныстарымыз бар. Жер дауының басы 5 институционалды реформадан басталды. Соған сай, жер кодексіне толықтырулар енді. Сол реформаны жүзеге асыру жөніндегі комиссияның төрағасы болып премьер-министр бекітілді. Мына жер реформасы жөніндегі комиссия да премьер-министрдің өкімімен құрылып отыр. Бұл өз кезегінде комиссияның жұмысының тиімділігіне кепілдік бере алмайды. Өйткені, үкімет жер сату жөніндегі өз ұстанымынан қайтады деп ойламаймыз. «Алаш жолы» жердің шетелдіктерге де, ел азаматтарына да жалға беруге, қазақстандықтарға сатуға қарсы», - деген заңгер комиссия жұмысы барысында басқа да бірқатар заңдарға өзгеріс енгізу мәселесін көтеру керектігін айтты.

«Жер кодексіне, «Неке және отбасы» кодексіне, көші-қон туралы, тағы басқа заңдарға өзгеріс енгізу қажет. Ондай жұмыс атқару үшін бұл жер реформасы жөніндегі комиссия парламент жанынан құрылу керек», - дейді Мақсат Ілиясұлы.

Ол сондай-ақ, комиссия құрамына  Жарылқап Қалыбай, Құрманғазы Рахметов, Жасарал Қуанышәлин, Уәлихан Қайсар, т.б. азаматтарды қосу туралы ұсыныс айтып, «Еуразия» арнасы бастаған бірқатар ақпарат құралдары жер тағдырына алаңдаған халықты келемеждеді деп айыптады. Сонымен қатар, м. Ілиясұлы осы уақытқа дейін өткен митингтерге қатысқан азаматтарды қудалауды тоқтатуды да талап етті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x