Әли Ербаш: «Қазақ жастарының алғырлығына тәнтімін»

Dalanews 11 мам. 2016 22:04 279

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім басшылары тәжірибе алмасу мақсатында Түркияға ресми сапармен келген. Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев бастаған делегация бауырлас елдің Дін істері министрлігінде бір күнде 4-5 кездесуге қатысуда.

Бүгін Шариғат және пәтуа бөлім басшысының орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, ҚМДБ Бөлім басшылары – Бақтыбай Бейсенбаев («Діни білім және ғылым»), Бейбіт Мырзагелдиев («Халал стандарттау»), Алтынбек Ұтысханұлы («Жалпы және жастар»), Жәнділла Бекжігітов («Мешіт істері»), Ағабек Қонарбайұлы («Баспасөз») Түркия дін істері министрлігінің Діни оқу-ағарту дирекциясының Бас директоры Әли Ербаш мырзаның қабылдауында болды. Бас директор дирекцияның жұмысын жан-жақты баяндай келе жуырда ғана өзі куәгер болған оқиғаны баяндап берді:

– Белесіздер, біздің елдегі халықаралық «Хасеки» академиясында шетелден келген студенттер де оқиды. Оның ішінде Қазақстаннан келген имамдар мен медресе шәкірттері бар. Мені таңқалдырғаны – қазақтардың алғырлығы. Емтихан алу кезінде осыған көзім жетті. Олар сынақ тапсыру сәтінде Құран тәпсірі мен түсіндірмесін қазақша мүдірмей жауап берді. Сынап көрейін деп, әдейі түрік тілінде сұрақ қойдым. Түрікше еркін жауап берді. Араларында арабшаны да жақсы білетіндер бар. Қазақ жігіттерінің алғырлығына біріншіден – таңқалдым, екіншіден қатты қуандым. Оларға: «Сіздердің болашақтарыңыз зор. Діни салада үлкен жетістіктерге жететіндеріңізге мен сенімдімін» дедім. Біз түбіміз бір, телігіміз бір қазақ бауырларымызға қамқорлық жасауға әрдайым дайынбыз, – деп ағынан жарылды Әли Ербаш мырза.

dalanews agabek 02

ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы түркиялық әріптестерге Қазақстан мұсылмандары атынан алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

Айта кетейік, «Хасеки» академиясы – діни салада ғылыми дәрежесі бар, докторлық қорғаған ғалымдарды ғана оқытатын халықаралық оқу орны. Алайда, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өтініші бойынша, Түркия Дін істері министрлігінің төрағасы, профессор Мехмет Гөрмез медресе бітірген қазақстандық шәкірттер мен діни қызметте жүрген имамдарды «Хасекиге» қабылдауға келісім берген болатын.

«Менен жас болсаңдар да талап-тілектерің, ұмтылыстарың мені жігерлендірді. Сіздердің өтініштеріңізді қабылдаймыз», – деген еді Мехмет Гөрмез Анкарадағы ресми қабылдауында.

2016 жылы еліміздің 13 азаматы «Хасеки» халықаралық академиясын бітіріп, діни саладағы қызметін жалғастырмақ.

Кездесуде Әли Ербаш өзі басқаратын дирекцияда 4 департамент бар екенін баяндады. Оның айтуынша, бір ғана Құран курсында 1 млн. 300 мың адам оқиды екен. Онда 45 мың ұстаз қызмет етеді. Өткен жылы 156 700 адамның діни сауатын ашыпты. 60 елден келген 10 мыңға жуық бала курстарда білім алады. Тіпті, көзі көрмейтіндер, құлағы естімейтіндер үшін де Құран кітап, басқа да еңбектер шығарыпты. Оларға бұл кітаптар кез келген уақытта тегін таратылады екен.

«Бұл – зағип, мүгедек мұсылмандардың ақысы», – дейді ол.

dalanews agabek

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ, ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі

Анкара қаласы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x