Қазақстандағы сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату құқығына қатысты бір аптадағы жағдайға «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры шолу жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қор журналистерге төнген қауіптер мен ақпаратқа қол жеткізу мәселелеріне де назар аударды, деп хабарлайды Dala News.
«Әділ сөздің» мәліметінше, «Наша газета» бас редакторы Гафуровқа Telegram желісіндегі анонимді қолданушыдан қоқан-лоқы жасалған. Белгісіз адам журналистің пікірлерді модерациялауына наразы болып, оған және отбасы мүшелеріне күш қолданатынын айтқан. Хабарламаларда журналист пен оның отбасының тұрғылықты жері туралы мәліметтер де болған.
12 тамызда адвокат Анна Дудина қоқан-лоқы фактісі бойынша полицияға жүгінген. Алайда 8 қыркүйекте істің барысы туралы жолданған сауалға дейін бір ай бойы процессуалдық әрекеттер жүргізілмегені айтылды. Қордың хабарлауынша, полиция қылмыстық және әкімшілік заңнама аясында шара қолданудан бас тартқан.
Апталық шолуда журналистер Гүлжан Ерғалиева, Аян Шәріпбаев және «Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы» сайтының негізін қалаушы Кирилл Павловқа қатысты сот процестері де қамтылған.
Сонымен қатар ашық сот отырысын жариялауға қойылған шектеулер, журналист Динара Егеубаеваға қатысты жалған ақпараттың таралуы, мемлекеттік органдардың сауалдарға жауап беруді созуы және кейбір БАҚ өкілдеріне ақпарат беруден бас тарту жағдайлары келтірілген.
Қор журналистерден ақпарат көзін ашуды талап ету, сотта бейнетүсірілім жасауға шектеу қою, Total.kz сайтына қолжетімділік мәселесі және бірқатар қазақстандық журналистің аккаунттарының бұғатталуы туралы да мәлімет берген.
«Әділ сөз» сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің «Ашық НҚА» порталында шетелдік БАҚ өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасы жарияланғанына назар аударды.
Шолуда әлем бойынша тәуелсіз БАҚ-қа жасалып жатқан қысым мәселесі де көтерілген. Қор Еуропалық одақтың деректеріне сілтеме жасап, жалған ақпараттың жылдам таралуы, жасанды интеллект пен алгоритмдер арқылы ақпаратты манипуляциялау демократиялық институттарға деген сенімге қауіп төндіретін факторлардың қатарында екенін атап өтті.