2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 4,1%-ды құрап, қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
«Биылғы жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша экономика өсімі 4,1%-ды құрап, қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеді. Оң динамика нақты сектордағы өсімнің қаңтар-мамырдағы 4%-дан 5,1%-ға дейін ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталып, қызмет көлемі 3,5%-ға артты. Экономиканың негізгі драйвері мұнайға жатпайтын сектор болып қала береді. Биыл мұнайға жатпайтын сектордың өсім қарқыны тұрақты түрде 5%-дан асып отыр», – деді Жұманғарин Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, салалар арасында ең жоғары өсім құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және саудада тіркелген. Аталған салалардың жалпы ішкі өнімнің өсіміне қосқан жиынтық үлесі шамамен 85%-ды құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметтері де оң динамика көрсетіп отыр.
Министрдің мәліметінше, өсімнің негізгі драйверлерінің бірі инвестициялар болып қалып отыр. Жылдың алғашқы жартысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға артқан. Оның ішінде жеке инвестициялар көлемі 21,4%-ға өскен.
Ең жоғары инвестициялық өсім ақпарат және байланыс саласында – 2,3 есе, құрылыста – 38,7%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 33,3%-ға, ауыл шаруашылығында – 24,6%-ға, көлік саласында 11,6%-ға тіркелді. Инвестициялар көлемінің айтарлықтай өсуі Ұлытау, Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында байқалған.
Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымы өзгеріп, жеке инвестициялардың үлесі 87%-ға жеткен.
Қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 30,4 млрд доллар, соның ішінде өңделген тауарлар экспорты 11,8 млрд доллар болды. Импорт көлемі 26 млрд долларды құрады. Оң сауда балансының көлемі 4,4 млрд доллардан асты.
Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып қалып отыр. Бұл саладағы өндіріс көлемі 9,8%-ға өсіп, қаңтар-мамыр айларындағы көрсеткіштен 0,8 пайыздық тармаққа жоғарылаған. Өсім еліміздің 17 өңірінде тіркелген.
Экономикалық өсімді қолдау аясында басым салаларды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне бөлінген 1 трлн теңгенің 398 млрд теңгесі аударылған. Холдинг осы қаражат есебінен жалпы құны 5,1 трлн теңге болатын жобаларды қаржыландырған.
Ұлттық экономика министрлігі барлық негізгі шикізат секторлары бойынша 10 кеңейтілген салалық талдау әзірлеген. Соның негізінде металлургия, мұнай-газ химиясы, көмір химиясы және агроөнеркәсіп кешенінде іске асырылатын 231 перспективалы жоба айқындалған. Сондай-ақ әлеуетті стратегиялық серіктес ретінде 200 жетекші шетелдік компанияның тізімі жасақталған. Биылғы наурыз айынан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде олардың 40-ы Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқан.
Жұманғариннің айтуынша, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешені де экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып келеді. Бұл саладағы өсім қаңтар-мамырдағы 3,6%-дан қаңтар-маусым қорытындысында 4,4%-ға дейін жеделдеген. Ең жоғары өсім Түркістан, Қостанай және Павлодар облыстарында тіркелген.
Министрдің сөзінше, өсімдік шаруашылығында бұрынғы жылдары болған негізгі мәселелердің басым бөлігі шешілген. Сала біртіндеп әртараптандырылып, механикаландырылып келеді. Сонымен қатар экспорт көлемі мен сыртқы нарыққа шығарылатын өнім түрлері де ұлғайып жатыр. Қаңтар-сәуір айларында агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36%-ға артқан. Жыл қорытындысында бұл көрсеткішті 7,2 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.
Министр кәсіпкерлік саласында да оң өзгерістер байқалып отырғанын айтты. Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, бірінші жартыжылдықтың қорытындысында елдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2 млн 939 мыңға жеткен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 499 мың субъектіге немесе 20,4%-ға көп. Оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 688 597 болған.
Жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы саны 1 млн 860 мыңнан 2 млн 352 мыңға дейін артқан. Заңды тұлғалар саны 579 756-дан 587 117-ге, ал ҚҚС төлеушілер саны 135 845-тен 158 194-ке дейін көбейген.
Кәсіпкерлік субъектілері санының өзгеруі салалық құрылымға да әсер еткен. Шағын заңды тұлғалар саны тау-кен өнеркәсібінде 2,9%-ға, құрылыс пен ауыл шаруашылығында 2,5%-ға, ақпарат және байланыс саласында 2,4%-ға өскен. Орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жылжымайтын мүлік операцияларында 5,8%-ға, қаржы және сақтандыру саласында 3,2%-ға, өзге қызметтер көрсету саласында 3,1%-ға артқан.
2021 жылдан бері шағын және орта б
изнестің ЖІӨ-дегі үлесі 33,5%-дан 40,9%-ға дейін өсті. Сонымен бірге цифрландыру мен электронды сауданың дамуы кәсіпкерлік моделін өзгертуде. Министрдің айтуынша, еліміздегі ең ірі сауда платформаларының бірі Kaspi.kz экожүйесінде 2024 жылдың соңында 737 мыңға жуық белсенді сатушы тіркелген. Бұл елдегі жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің үштен бірінен астамын құрайды. Ал 2025 жылдың соңына қарай белсенді сатып алушылар саны 7,4 млн адамға жеткен.
Бірінші тоқсанның қорытындысында экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 9,4 млн адамды құраса, оның 4,5 млн-ы шағын және орта бизнесте еңбек етеді.
Министрдің айтуынша, жұмыспен қамту мен жалпы экономикалық белсенділікке елеулі теріс әсер байқалмайды. Керісінше, еңбек және кәсіпкерлік ресурстары өнімділігі жоғары салаларға қайта бөлініп жатыр.
Сондай-ақ өткен жылы жүргізілген ауқымды салық реформасының нәтижесінде мемлекеттік бюджет кірістері бірінші жартыжылдықта 16%-ға жуық артқан. Ал қосылған құн салығынан түсетін түсімдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есеге жуық өскен.
Жұманғариннің айтуынша, жыл қорытындысында жалпы ішкі өнімнің өсімін кемінде 5% деңгейінде қамтамасыз ету үшін тау-кен металлургия кәсіпорындарын шикізатпен қамту, инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру, инфрақұрылымдық нысандарды пайдалануға беру, сондай-ақ егін жинау науқанын толық көлемде өткізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемін арттыру жұмыстары жалғасады.