Жасанды интеллект бүгінгі медианың жұмыс ырғағын түбегейлі өзгертіп, редакциялар кез келген ақпаратты халыққа жедел жеткізуге машықтанды. Мәтін әзірлеу, тілден-тілге аудару, дыбыстау, бейнежазбаларды өңдеу мен қажет деректерді сүзгіден өткізу сияқты ауқымды шаруалар санаулы сәтте-ақ орындалатын болды. Ақпараттың жылдам тарағаны жақсы-ау, бірақ бұл үрдіс “шынайы шығармашылық дағдыны жойып жібермей ме?” деген орынды сауал туындайды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен “БАҚ жүйесіндегі жасанды интеллект” пәні аясында магистранттар жүргізген ауқымды сараптамалық сұхбаттар дәл осы түйткілдің түйінін тарқатуды көздейді. Пән оқытушысы Әсел Мусинованың жетекшілігімен өткен зерттеу барысында медиа саласының бес бірдей білікті өкілі өз ойын ортаға салды. Олардың қатарында белгілі профессорлар Сағатбек Медеубек пен Шынар Қалиаждарова, танымал медиасарапшы Дмитрий Шорохов, PR маманы Айбар Олжаев және радиожүргізуші Ботакөз Болатжан бар.
Қаракөз Амантай, Фатима Тоқтауханқызы, Батыржан Жұмаділов, Райхона Жұмабаева және Аружан Мәуленова бастаған бірнеше магистрант материалды әзірлеу барысында заманауи технологияның журналистикаға тигізер ықпалын микро, мезо және макродеңгейлерге бөліп, жан-жақты талдауға тырысты.
ЖИ журналисті алмастыра алмайды
Сарапшылардың сөзінше, жасанды интеллект журналист жұмысының техникалық бөлігін жеңілдеткенімен, адамның орнын толық баса алмайды.
Шынар Қалиаждарова ЖИ-дің әсіресе телевизиядағы техникалық жұмыстарға көп көмегі тиіп жатқанын айтады. Оның сөзінше, бұрын көп уақыт алатын кодировка, дыбыстау, қысқа анонс жасау сияқты процестер қазір әлдеқайда жеңілдеген.
Алайда ол мәтінді толықтай алгоритмге жаздыру қауіпті үрдіс екенін ескертті. Айтуынша, ЖИ мәтіннің құрылымын жасап бергенімен, терең ой мен авторлық стильді бере алмайды.
“ЖИ – біздің техникалық мүмкіндіктерімізді кеңейтетін күшті құрал. Бірақ ол адамның шығармашылық “менін” алмастыра алмайды”, – дейді Шынар Қалиаждарова.
Ал профессор Сағатбек Медеубек журналистиканың мәні жай ақпарат таратуда емес екенін айтады. Оның сөзінше, журналист әр ақпараттың артындағы ұлттық мүдде мен қоғамдық салмақты түсінуі керек.
Айтуынша, ЖИ көп деректі тез тауып бергенімен, тарихи, мәдени және адами контексті терең сезіне алмайды.
“Журналист ақпараттың ар жағындағы ұлттық мүддені түсініп барып ұсынады. ЖИ оны жасай алмайды”, – дейді профессор.
Радиожүргізуші Ботакөз Болатжан да осы пікірмен келіседі. Оның сөзінше, журналистиканың басты күші — шынайы эмоция мен адам арасындағы байланыста.
Ол эфир кезінде қонақтың ауыр әңгімесінен кейін даусы дірілдеп кеткен сәтті еске алып, тыңдарман сол эмоцияны бірден сезгенін айтады.
“Тыңдарман дауыс арқылы эмоцияны сезеді. Мұны алгоритм жасай алмайды”, – дейді ол.
“Дайын асқа тік қасық” психологиясы пайда болды
Сарапшыларды алаңдатқан негізгі мәселелердің бірі — жас журналистердің дайын мәтінге тәуелді болып бара жатқаны.
Шынар Қалиаждарова бұрын журналистер бір материал үшін ұзақ ізденіп, түрлі кітап пен дереккөз ақтарғанын жеткізді.
"Қазір көп адам “ChatGPT-ден сұрай саламын” деген жеңіл жолды таңдауға үйреніп бара жатыр. Алайда "дайын асқа тік қасық” психологиясы біздің интеллектуалды дамуымызды тежейді”, – дейді ол.
Ал Ботакөз Болатжан бұл құбылысты “ми - бұлшық ет” деген метафорамен түсіндірді. Оның сөзінше, адам ойлануды тоқтатса, біртіндеп өз ойын өзі жүйелей алмайтын деңгейге жетуі мүмкін.
“Ми – бұлшық ет. Жаттықпаса жұмыс істеуін тоқтатады”, – дейді радиожүргізуші.
Медиасарапшы Дмитрий Шорохов та ЖИ-ге шектен тыс тәуелділік журналисті автор емес, жай ғана “контент операторына” айналдырып жіберуі мүмкін екенін ескертті.
Дипфейк пен жалған ақпарат жаңа қауіпке айналды
Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектінің ең қауіпті тұстарының бірі — дипфейк технологиялары мен жалған контенттің көбеюі.
Қазір адамның дауысын, бейнесін, тіпті сөйлеу мәнерін айнытпай көшіріп жасауға мүмкіндік бар. Мұның салдары қоғамдағы ақпаратқа деген сенімді әлсіретуі мүмкін.
“Бұл – қоғамды адастырудың төте жолы. Тек құқықтық жауапкершілік күшейгенде ғана біз фейк ақпараттарға тосқауыл қоя аламыз”, – дейді Шынар Қалиаждарова
Айбар Олжай да ЖИ арқылы жасалған жалған фото, видео немесе аудио қоғамды оңай адастыруы ықтимал екенін атап өтті.
“Қазақстанда мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілікке жатады”, – Айбар Олжаев
Ал Дмитрий Шорохов қазіргі қоғам біртіндеп ешқандай ақпаратқа толық сенбейтін ортаға айналып бара жатқанын жеткізді.
“Шынайы ақпаратты жалған ақпараттан айыру барған сайын қиындап барады”, – дейді ол.
Алгоритм журналистиканы өзгертіп жатыр
Сарапшылар әлеуметтік желілер алгоритмдерінің медиаға ықпалы күшейгенін де атап өтті.
Бүгінде қандай тақырыптың таралатынын редактордан бұрын алгоритм шешетін жағдай қалыптасып келеді. Соның салдарынан кликбейт пен қаралым қуалау күшейген.
Ботакөз Болатжан кейде әлеуметтік желіге арналған тақырыпты алгоритмге ыңғайлап өзгертуге тура келетінін жасырмайды.
Айтуынша, мұндай ұсақ компромистер уақыт өте келе журналистиканың табиғатын өзгертіп жіберуі мүмкін.
“Бір күні артыңа қарасаң, журналист емес, контент-мейкерге айналып кеткеніңді байқайсың”, – дейді ол.
Ал профессор Сағатбек Медеубек тек қаралым мен ақша қуған медианың түптің түбінде аудитория сенімінен айырылатынын ескертті. Оның сөзінше, жеңіл контент тез ұмытылады, ал сапалы журналистика әрдайым терең талдау мен жауапкершілікке сүйенеді.
Журналистиканың болашағы қандай болады?
Зерттеудегі негізгі қорытынды - біреу. Жасанды интеллект журналистиканы жоя алмайды. Бірақ оны түбегейлі өзгертеді.
Сарапшылардың сөзінше, болашақта журналистің басты міндеті жай ғана ақпарат тарату емес, ақпараттың рас-өтірігін ажырату болмақ.
Өйткені алгоритм мәтін жазып бере алады. Бірақ ол шындықтың салмағын сезбейді. Қоғамның көңіл күйін түсінбейді. Эмоцияны бастан кешпейді.
Сондықтан ЖИ дәуірінде ең құнды журналист — жылдам жазатын адам емес, ақиқатқа терең үңіле алатын адам болмақ.