Ақбаян Мұқанғалиева жақындарының қаза болғанын әлі білмейді

Ақбаян Мұқанғалиева жақындарының қаза болғанын әлі білмейді
Ақбаян Мұқанғалиева. Видеодан кадр: azh.kz

Психикалық денсаулық орталығынан шыққан Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі уақытта туыстарының үйінде тұрып, емін жалғастырып жүр. Ол ата-анасы мен бауырларынан айырылғанын әлі білмейді, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, Ақбаян жақындарының бақылауында және оңалту орталығына барып, ем қабылдап жүр.

Қазір ол балаларымен жиі кездесіп, уақыт өткізеді. Туыстарының айтуынша, бұл оның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, қалпына келуіне көмектесіп жатыр.

Алайда отбасы мүшелерінің қаза болғаны туралы ауыр хабарды оған әзірге айтпаған. Жақындары бұл ақпарат оның жағдайын күрт нашарлатып жіберуі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Сондықтан туыстары Ақбаянның мұндай хабарды қабылдауға психологиялық тұрғыда дайын болатын уақытын күтпек.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасы мен бауырларының қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Басылым мәліметінше, тергеуде оның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты нұсқа қарастырылып жатыр.