Алматыда өткен жасанды интеллектті дамыту кеңесінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан алдында нақты таңдау тұрғанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Жасанды интеллект жаңа жаһандық экономиканың өзегіне айналып отыр, ал үлкен деректер – аса маңызды ресурс. Осыған байланысты Қазақстан жасанды интеллектті дамытуды стратегиялық басым бағыт ретінде қарастырады. Біздің мақсат – Қазақстанды заманауи цифрлық мемлекетке айналдыру. Қажетті институционалдық инфрақұрылым құрылды, енді жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына кеңінен енгізу қажет. Бұл ретте біз ұлттық мүдделерге берік бола отырып, “технологиялық сақтық” қағидатын басшылыққа аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, цифрлық экономиканың ЖІӨ-ге нақты әсерін бағалау қажет.
«“Цифрлық экономика” ұғымы әлі толық айқындалмаған, ал қолданыстағы әдістеме үзік-үзік сипатта. Бізге ЖІӨ өсімінің қаншасы нақты сектордың есебінен, қаншасы инновациялар арқылы қамтамасыз етілгенін нақты түсіну керек. Жалпы көрсеткіштер нақты нәтижелердің жоқтығын жасырып, тиімділік иллюзиясын қалыптастырады. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірге цифрлық экономиканың ЖІӨ-ге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуі тиіс», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев жаһандық деңгейде технологиялық алшақтық күшейіп жатқанын ескертті.
«Жасанды интеллект капитал мен технологияны әлемдік көшбасшылардың қолына шоғырландырып, еңсеру қиын “технологиялық алшақтық” қалыптастырып жатыр. Қазақстан үшін бұл – маңызды сигнал. Біз өз мүмкіндіктерімізді нақты бағалап, шешім қабылдауымыз керек. Сарапшылар айтқан “орта табыс тұзағынан” шығу үшін цифрлық экономикаға көшу қажет. Бірыңғай мемлекеттік деректер жүйесін құрмайынша, жасанды интеллект тиімді болмайды», – деді ол.
Президент мемлекеттік жүйені толық трансформациялауды талап етті.
«Дәстүрлі жүйеде бір сұраныстан шешім қабылдауға дейін бірнеше күн, тіпті апта кетеді. Ал идеалда бұл процесс бірнеше секундта жүзеге асуы тиіс. Бұл капитал айналымын күрт жеделдетеді», – деді Тоқаев.
Ол цифрландыру нәтижелеріне де тоқталды.
«KEDEN платформасының арқасында кедендік декларацияны рәсімдеу бір минуттан аз уақыт алады. Smart Cargo жүйесі 127 дереккөзге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Салық жүйесінде құжаттарды өңдеу уақыты бір сағаттан бір минутқа дейін қысқарды. Smart Data Finance платформасы 78 дереккөзден ақпарат жинап, жүздеген миллиард теңге тәуекелді төлемдердің алдын алуға мүмкіндік береді», – деді президент.
Тоқаев Қазақстанды криптохабқа айналдыру міндетін де атап өтті.
«2025 жылы цифрлық қаржы активтері мен криптовалюталарды реттейтін ұлттық құқықтық база құрылды. Бұл жылжымайтын мүлік, алтын, акциялар сияқты активтерді токенизациялауға мүмкіндік береді. Үкімет пен Ұлттық банк Қазақстанды криптохабқа айналдыру үшін үйлесімді саясат жүргізуі тиіс. Бұл – өте маңызды міндет», – деді ол.
Президент цифрлық инфрақұрылым мен қауіпсіздікке ерекше мән берді.
«Есептеу қуаттары мен деректерге бақылау – мемлекеттің тәуелсіздігін анықтайтын фактор. Сондықтан “Деректер орталықтарының алқабын” құру – басым жоба. Сонымен қатар киберқауіпсіздік барлық цифрлық шешімдердің негізіне енгізілуі тиіс», – деді мемлекет басшысы.
Сөз соңында Тоқаев нақты ескерту жасады.
«Таңдау аз: не біз тиімді цифрлық экономика құрамыз, не прогрестің шетінде қаламыз. Қарапайым тілмен айтқанда – “болу немесе болмау”», – деді президент.