Таразда әйел ұлы қайыршылықпен айналысқаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Е.-ге қатысты істі қараған. Ол бала тәрбиесіне қатысты міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылған.
Сот мәліметінше, оның кәмелетке толмаған ұлы Тараз қаласында бағдаршам маңында жүргізушілерден ақша сұрап жүрген жерінен ұсталған. Баланың жасы 16-ға толмағандықтан, әкімшілік хаттама анасына рәсімделген.
Е. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.
Сот қаулысымен Е. кінәлі деп танылып, оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.