⁠Заңсыз құрылыс дрон арқылы анықталады

Самал Асқар 28 сәу. 2026 13:43

Қазақстанда заңсыз құрылыстарды анықтау үшін дрондар қолданылмақ, деп хабарлайды Dala News.

Бұл туралы брифингте Жаннат Дубирова мәлімдеді.

Оның айтуынша, пилоттық жоба Астанада жүргізілген. Дрон арқылы белгілі бір аумақ түсіріліп, ол қаланың бас жоспары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен салыстырылған. Нәтижесінде технология заңсыз құрылыстарды анықтай алатынын көрсеткен.

Жүйе жасанды интеллект көмегімен ғимараттарды танып, оларды жоспарлық құжаттармен салыстырады. Бұл тәсілді енді қала көлемінде кеңінен қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Жиналған деректер кейін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына жіберіледі. Олар нақты тексеріс жүргізіп, заң аясында шара қабылдайды.

Вице-министрдің айтуынша, технология күрделі болғандықтан, оны кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Биыл ауқымды тестілеу жалғасады, ал келесі жылы барлық қалада енгізу және заңнамалық бекіту көзделіп отыр.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove