Заңға сәйкес, биыл 1 шілдеден бастап зейнетақы көлемі 11-13 пайызға көтеріледі. «Ең төменгі зейнетақы 40 мың 950 теңге (шамамен 125 доллар) болады. Бұл – барлық зейнеткерлерге қатысты», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Билік өткен жылы зейнетақыны көтереміз деп уәде бергенімен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 71,3 миллиард теңгесін (шамамен 225 миллион доллар) инвестиция ретінде салған шетелдік банк биыл тақырға отырды. Заң бойынша, әрбір жұмысшы табысының 10 пайызын осы қорға аударып отырады.
Ресми мәлімет бойынша, елде екі миллионнан астам зейнеткер бар. Зейнетақы мен өтемақыны көтеруге 81,6 миллиард теңге қарастырылған.