Зеленскийдің “Өрмек” операциясы: Украина Ресейдің әскери аэродромдарына соққы жасады

Қаракөз Амантай 02 мау. 2025 12:10

Украина армиясы арнайы дрондардың көмегімен Ресейдің бірқатар әскери аэродромдарын нысанаға алып, ірі операция өткізді. Президент Владимир Зеленский бұл шараны “Өрмек” (Паутина) деп атап, оны Ресейдің Украинаға басып кіруінен бері орындалған ең батыл әрі ауқымды әскери әрекет деп мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бұл – Украинаның өз күшімен ғана атқарған стратегиялық операциясы. Оны жоспарлап, іске асыру үшін бір жарым жылдан астам уақыт жұмсалды. Шараны ұйымдастырған адамдарымызды Ресей аумағынан дер кезінде әрі еш қиындықсыз алып шықтық. Бұл операция Украинаның ұлттық қауіпсіздігі үшін өте маңызды қадам болды”, – деп атап өтті Зеленский.


Украина Қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, шабуылдың нәтижесінде Ресейдің 40-тан астам әскери ұшағы бүлінген. Олардың ішінде стратегиялық авиацияның маңызды элементтері саналатын А-50, Ту-95 және Ту-22М3 ұшақтары бар.

Жалпы операция барысында Украина жағы 117 дрон пайдаланған. Зеленскийдің айтуынша, бұл шабуылдың нәтижесінде Ресейдің құрлықаралық қанатты зымырандарды тасымалдайтын стратегиялық авиациясының шамамен үштен бірі (34%) зақымданды. Алдын ала болжам бойынша, келтірілген материалдық шығын 2 миллиард доллардан асады.

Ресейдің Қорғаныс министрлігі бұл шабуылдардың орын алғанын мойындап отыр. Министрлік хабарламасында “бірнеше авиациялық техника жанып кеткені” айтылды. Сондай-ақ, бұл әрекеттерді “Киев режимі ұйымдастырған террорлық актілер” деп бағалады.

Ресми ақпарат бойынша, дрондармен жасалған шабуыл Ресейдің бес аймағында орналасқан әскери аэродромдарды қамтыған:

Мурманск,

Иркутск,

Иваново,

Рязань,

Амур облысы.

Қазіргі уақытта Ресей, Украина және АҚШ арасында соғысты тоқтату бойынша келіссөздер жалғасып жатыр. АҚШ тарапы егер Мәскеу ұрыс әрекеттерін тоқтатуға нақты ниет білдірмесе, келіссөздерден шығатынын ескерткен. Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин НАТО-ның шығысқа қарай одан әрі кеңеймейтіні жөнінде Батыс елдерінен ресми әрі жазбаша кепілдік талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар