Владимир Зеленский Украина өзінің қатысуынсыз жасалған бейбіт келісімдерге келіспейтінін айтты, деп жазады Dalanews.kz.
Украина президенті Владимир Зеленский Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында сөйлеген сөзінде Владимир Путиннің АҚШ-пен жеке келіссөздер жүргізгісі келетінін айтты, деп жазады "РБК-Украина".
"Украина өзінің қатысуынсыз тасада жасалған мәмілелерге ешқашан келіспейді. Дәл осындай ереже бүкіл Еуропа үшін қолданылуы керек. Украинасыз Украина туралы шешім жоқ. Еуропасыз Еуропа туралы шешім жоқ. Еуропа туралы шешім қабылданған кезде Еуропаға үстел басында орын болуы керек", - деді ол.
Оның айтуынша, Украина мен Еуропасыз мәміле жасалған жағдайда "бәрі ұтылады". Сондай-ақ Зеленский Путиннің АҚШ-пен Украина мен Еуропаның қатысуынсыз келіссөздер жүргізуге тырысып жатқанын айтты.
"Содан кейін не болады дейсіздер ме? Путин АҚШ президентін осы жылдың 9 мамырында Қызыл алаңда тұратындай етуге тырысады. Құрметті көшбасшы ретінде емес, оның өз қойылымындағы реквизиті іспетті. Бізге бұл қажет емес. Бізге нағыз жетістік керек. Шынайы бейбітшілік керек", - деді Зеленский.
Сонымен қатар, Зеленский Украина одақтастарымен бірге Владимир Путинді тоқтату үшін қауіпсіздік кепілдігін дайындауы керек екенін атап өтті.
"Келісім бізсіз бола алмайды. Егер бізде бүгін сондай жалпы жоспар болмаса, онда менің ойымша, АҚШ-та да ондай жоспар жоқ. Ал егер олардың қолдарында бірдеңе болса, ол бізге қатысты емес екені аян, бірақ біз мұндайды қаламаймыз", - деді Зеленский.
Сонымен қатар, Зеленский Украинадағы сайлауға да тоқталды. Оның айтуынша, украиндар әскери жағдайдың жойылу қаупіне байланысты сайлау өткізуді қаламайды.
"Мен сайлау туралы сөз қозғауға дайынмын. Украиндықтар сайлауды мүлдем қаламайды, егер сайлау болса, біз соғыс жағдайынан айырылып қаламыз ба деп қорқамыз, сарбаздар үйге оралса, Путин бүкіл аумаққа бас салмай ма? Қазір бізде мобилизация бар, біртұтас организм, біртұтас еліміз бар, сондықтан болашақта бұл өте маңызды", - деді Зеленский.
Айта кетсек, 12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Кремль келіссөздердің болғандығы туралы фактіні растады және Путин Трампты Мәскеуге шақырғанын хабарлады.
Ресей Федерациясының басшысымен сөйлескеннен кейін Трамп Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалды. Зеленскийдің айтуынша, Трамп Путинмен арада болған әңгімемен бөліскен. Зеленскиймен сөйлескеннен кейін Трамп Украина басшысы Путин сияқты бейбітшілік орнатқысы келетінін айтты.
Сондай-ақ, Путин мен Трамптың кездесуі Сауд Арабиясында болуы мүмкін екендігі туралы хабарланды. Сонымен бірге, араб елі кездесуді ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.
Ал бір күн бұрын Мюнхенде қауіпсіздік конференциясы басталды, ондағы басты мәселе АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған Украинадағы соғыстың аяқталуы туралы келіссөздердің жүргізілу ықтималдылығы болды. Конференция барысында Зеленский Путинмен кездесуге дайын болатын жағдайды атады. Сонымен қатар, The Washington POS тілшісі Владимир Зеленский Украина үшін кепілдіктің болмауына байланысты АҚШ-пен металдарға қатысты келісімге қол қоймағанын айтты. Бүгін Зеленский "Еуропаның Қарулы күштерін" құруды ұсынды.