Зеленский Солтүстік Корея Украинаға қарсы соғысқа қашан қосылатынын айтты

Сағыныш Сардарова 26 қаз. 2024 09:50 3598

Жақын күндері КХДР әскери күштері Украинаға қарсы соғысқа қатысады. Бұл туралы 25 қазанда Украина президенті Владимир Зеленский Telegram арнасында жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Украинская правда" басылымына сілтеп.

"Украиналық барлау қызметінің мәліметінше, 27-28 қазанда Ресей алғаш рет Солтүстік Корея әскери күштерін соғыс аймақтарында қолданады", - деп жазды Зеленский.

Мәскеудің осы қадамына байланысты Украина президенті Батыс одақтастарын Мәскеу мен Пхеньян үкіметтеріне қысым көрсетуге шақырды.

Айта кетейік, 18 қазанда Оңтүстік Корея барлау қызметі Пхеньянның Ресейге жалпы саны 12 мың сарбаздан тұратын төрт бригаданы, соның ішінде арнайы күштер отрядтарын жіберу туралы шешімін хабарлады. Бірнеше күннен кейін Зеленский Солтүстік Корея соғысқа нақты қосылғанын мәлімдеді.

23 қазанда АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Пентагонда Солтүстік Корея әскерінің Ресейде екені туралы дәлелдер барын айтты. Олар Приморск өлкесінде және Курск облысында байқалғаны хабарланды.

Ал Пхеньян Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін әскерін Ресейге жіберетіні туралы хабарламаларды ресми түрде жоққа шығарды, мұндай ақпаратты "негізсіз қауесет" деп атады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар