Украина президенті Владимир Зеленский Ресей ұсынған бітімге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин 8-11 мамыр аралығында жариялаған уақытша бітім – шынайы бітім емес, тек саяси манипуляция. Зеленский атысты тоқтату бірнеше күнге ғана емес, тұрақты түрде жүзеге асырылуы тиіс деп санайды. Ол ең төменгі мерзім ретінде 30 күнді атады.
"Бітім бірнеше күнге ғана емес, шұғыл, толық әрі сөзсіз тоқтатылуы тиіс. Ең кемі 30 күнге созылуы қажет", – деді Владимир Зеленский өзінің видеоүндеуінде.
Сондай-ақ Киев билігі де Путиннің 9 мамырға байланысты жасаған ұсынысына қатысты пікір білдірді.
Украина Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Сибига Мәскеу бастамасына қатысты мәлімдемесінде елдің ұзақ мерзімді атысты тоқтатуға дайын екенін айтты.
"Неліктен 8 мамырға дейін күтуді ұсынды? Егер атысты дәл қазір, кез келген күннен бастап 30 күнге тоқтатуға мүмкіндік болса – бұл шындыққа айналуы мүмкін, тек парад үшін емес", – деді Сибига.
Ол сондай-ақ Украина "ұзақ мерзімді, берік және толық атысты тоқтатуға дайын екенін" және Киев бұны үнемі ұсынып келе жатқанын еске салды.
Еске салайық, бұған дейін саясаттанушы Қазыбек Майгелдинов Трамптың Ресей-Украина қақтығысын шешудегі рөлі туралы ойын ашып айтқан болатын.
Саясаттанушының сөзінше, Дональд Трамп Украина мен Ресейге қатысты өз ұстанымын әлеуметтік желіде, БАҚ-та ашық білдіріп келе жатыр.
"Ол бұл қақтығысты өте қысқа мерзімде тоқтатуға болатынын, тіпті президент болған уақытта 24 сағаттың ішінде бейбіт келісім орната алатынын бірнеше рет айтты. Трамп соғысты тоқтату үшін нақты қандай қадамдар ұсынатынын толық ашып айтпаса да, нақты әрекеттер көрсетілмесе де оның риторикасынан байқалатын нәрселер бар. Осы тұста бес негізгі факторды атап өткім келеді. Біріншіден Трамп Ресей мен Украинаны тікелей келіссөзге шақыруда және тез ымыраға келуді талап етіп отыр. Ол бұл риторикасын айтқан кезде: "Егер Мәскеу не Киев бейбіт келісімге келуді қиындатса, АҚШ бұл келіссөзден бас тартып, тыс қалатынын ескертті. Яғни бұл арқылы Трамп екі тарапқа да қысым жасап, жылдам нәтижеге қол жеткізгісі келіп отырғанын аңғартты. Мысалы мұндай тактиканы ол Израиль-Палестина қақтығысы кезінде қолданды", - дейді Қазыбек Майгелдинов.
Екіншіден, Трамп Украина тарапын сынап сөйлейді. Кейде қақтығыстың басталуына Киевті кіналап, мәлімдемелер жасады.