Зеленский мен Путин Қазақстанда кездесуі мүмкін бе? Песков пікір білдірді

Қаракөз Амантай 24 қыр. 2025 16:21

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков РБК радиосына берген сұхбатында Владимир Зеленскийдің Владимир Путинмен бейтарап алаңда, мысалы Қазақстанда, кездесу өткізуге дайын екендігі туралы мәлімдемесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Украиндар көптеген ұсыныс жасап, бірнеше елдің атын атады. Алайда әуелде Қазақстанға емес, біз үшін мүлде қолайсыз мемлекеттерге басымдық берді. Әлі күнге дейін Швейцария немесе Австрияны бейтарап деп санайды. Алайда олар біз үшін бейтарап емес. Бұл айқын нәрсе, соны ескеру керек”, – деді ол.

Сонымен қатар ол Путиннің бұған дейін Зеленскийге Мәскеуде кездесуді ұсынып, қауіпсіздікке кепілдік бергенін еске салды. Алайда Киев бұл ұсынысты бірден қабылдамай, “шынайы емес” деп бағалаған.

“Неге біз мұндай көзқарасты өзгермейтін аксиома ретінде қабылдауымыз керек? Біз диалогқа ашық болсақ, неге келмеске?” – деді Песков.

Оның айтуынша, келіссөздердің қайда өтетіні Мәскеуде ме, Қазақстанда ма, әлде Женевада ма – басты мәселе емес.

“Путин: “Кездескің келсе, ертең-ақ кездесеміз” дейді. Ал Киев болса түрлі себеп айтып, кейінге шегере береді. Путин келіссөздер тобының жетекшісі Мединский арқылы “жұмыс тобын құрып, ресми түрде келіссөз бастайық” деген. Бірақ Украина бұған жауап қатпай, ешқандай топ құрған жоқ, нақты әрекетке де барған жоқ”, – деді Песков.

Киев жағы да кездесу орнын басты мәселе емес деп санайтынын мәлімдеді. Олар үшін келіссөздердің мазмұны маңыздырақ. Зеленскийдің айтуынша, әңгіме тек Украина аумақтық тұтастығы қалпына келтірілген жағдайда ғана мүмкін, әрі ешқандай “территориямен сауда” болмайды. Бұған дейін Зеленский Путиннің Мәскеуде кездесу өткізу ұсынысын “шынайы емес” деп атап, Кремльдің “келіссөз жүргізуді емес, соғысуды қалайтынын” айтқан еді.

Айта кетейік, бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен Қазақстанда кездесуге әзір екенін мәлімдеген еді.

"Оның (Путиннің – Dalanews) таңдауы бар. Трамптың да командасы, менің де командам, еуропалық көшбасшылар, соның ішінде Макрон және басқалары, сондай-ақ Түркия президенті Ердоған да - барлығымыз кездесуді Түркияда, Сауд Арабиясында, Катарда немесе бейтарап Еуропада, мысалы, Австрияда, Швейцарияда өткізуді ұсындық. Сондықтан біз: “Қаласаңыздар, Қазақстан сияқты жерде де кездесуге болады” деп айттық", – деді Зеленский сәрсенбі күні Fox News арнасына берген сұхбатында.

Ол дәл қазір Ресей көшбасшысымен кездесуге дайын екенін атап өтті.

"Мен оны Киевке шақырған жоқпын. "Егер сіз менімен кездескіңіз келмесе, әрине, өз тарапыңыздан мені Мәскеуге шақырасыз. Бұл тек кездесуді кейінге қалдыру үшін жасалатын әрекет қана” дедім. Бұл – мен оны Киевке шақырғаныммен бірдей нәрсе", – деп түсіндірді Зеленский.

Еске салайық, Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеуде бейбіт келіссөздер жүргізу туралы ұсынысын қабылдамай, оны Киевке шақырған еді. Бұл туралы ол ABC News арнасына берген сұхбатында айтты.

"Ол Киевке келе алады. Егер адам соғыс кезінде кездескісі келмесе, ол әрине, мен үшін де, басқалар үшін де қабылдай алмайтын нәрсені ұсынады. Бұл - мен оған Киевке келуін ұсынғаныммен бірдей", – деді Украина президенті.

Зеленскийдің пікірінше, Путин мұндай ұсынысты кездесу уақытын кейінге шегеру үшін жасаған.

Украина басшысы, сонымен бірге, елі күн сайын зымыран шабуылына және түрлі соққыларға ұшырап жатқан кезде Мәскеуге бара алмайтынын айтып, Путиннің мұны "жақсы түсінетінін" жеткізді.

Путин 3 қыркүйекте Қытайға жасаған сапарынан кейін Зеленскиймен келіссөздерді Ресей астанасында өткізуге дайын екенін мәлімдеген еді. Екі күннен соң Шығыс экономикалық форумында сөйлеген сөзінде Ресей президенті Мәскеудің "жоғарғы деңгейдегі келіссөздер үшін ең қолайлы орын" екенін тағы да атап өтті. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар