Зеленский Трамппен Ақ үйде өткен кездесудің мән-жайын айтты

Зеленский Трамппен Ақ үйде өткен кездесудің мән-жайын айтты
x.com/ZelenskyyU

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде жабық кездесу өткізді. Екі ел басшысы Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық келіссөздерді қайта жандандыру және Киевтің әуе қорғанысын күшейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесуден кейін Зеленский келіссөздің жақсы өткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, тараптар Украинада Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды лицензия бойынша өндіру және қорғаныс саласындағы өзге де бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырған.

«Президент екеуміз Patriot зымырандарын өндіруге арналған лицензияларды және көмектесуі мүмкін бірнеше басқа ұсынысты талқыладық. Сонымен қатар дипломатия туралы сөйлестік. Дипломатиялық процесті жандандыру маңызды», – деді Зеленский.

Украина басшысы елге баллистикалық зымырандардан қорғануға мүмкіндік беретін жүйелер мен қосымша зымырандардың қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Киевтің қорғаныс саласындағы серіктестікті кеңейту жөніндегі ұсыныстарын АҚШ тарапы қарастырып жатыр.

Зеленский кейінірек Дональд Трамптың Украинаға Patriot зымырандарын өндіруге қажетті лицензия беруге келіскенін айтты. Қазіргі уақытта екі елдің мамандары бірлескен өндірісті мүмкіндігінше тезірек іске қосу жолдарын пысықтап жатыр.

Кездесу тараптар арасындағы қарым-қатынас жақсарып, Вашингтон мен Киевтің әскери және дипломатиялық бағыттағы ынтымақтастығы қайта жандана бастаған тұста өтті.