Украина президенті Владимир Зеленский соғыстың негізгі кезеңін қарашаға дейін аяқтау мүмкіндігі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Жоғарғы рададағы «Слуга народа» фракциясының депутаттарымен кездесуде айтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кездесуге қатысқан депутат Ольга Василевская-Смаглюк Telegram-арнасында президент соғыстың негізгі фазасын қауіпсіздік кепілдіктері болған жағдайда қарашаға дейін аяқтау нұсқасы қарастырылып жатқанын жеткізгенін жазды.
«Қазір майданда біздің басымдық бар, соны пайдалану қажет. Ең бастысы – Ресейдің үзіліс алып, кейін қайта соғыс бастауына мүмкіндік бермеу», – деді депутат Зеленскийдің сөзін келтіріп.
Ал «Голос» фракциясының депутаты Ярослав Железняк президентпен кездесуде соғыстың аяқталуы мүмкін мерзімі бірнеше рет айтылғанын, бірақ ол болжамдар орындалмағанын мәлімдеді.
«Бұл жолы 2026 жылдың қарашасы аталды. Бірақ кездесуге қатысқандардың өзі бұған аса сенген жоқ», – деп жазды ол.
Зеленский кейінірек жариялаған видеомәлімдемесінде депутаттармен кездесуде «алдағы апталар мен жақын күндердегі маңызды мәселелер» талқыланғанын айтты. Алайда нақты қандай мәселелер қозғалғанын ашып айтпады.