Украина президенті Владимир Зеленскийдің Молдовадан Ослоға ұшуы ресейлік дрондардың Молдова әуе кеңістігіне енуіне байланысты кешіктірілген. Бұл туралы Молдова мен Норвегия билігі мәлімдеді, деп хабарлайды BBC.
Зеленский сәрсенбі күні 89 жасында қайтыс болған Норвегия королі Харальд V-тің жерлеу рәсіміне қатысты. Рәсімнен кейін ол Норвегиядан Исландия арқылы Канадаға аттанған.
Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре NRK телеарнасына берген пікірінде Зеленский отырған ұшаққа дрон өте жақын келгенін айтты.
"Ол Молдовадан ұшып шыққан кезде ұшағына дрон тиіп кете жаздады. Бұл – оның күнделікті бетпе-бет келетін шындығы", – деді Норвегия премьер-министрі.
Алайда AFP агенттігіне пікір білдірген Украина президенті кеңсесіндегі дереккөз Зеленскийге тікелей қауіп төнгені туралы мәлімдемелерді "асыра айтылған" деп бағалаған.
Оның сөзінше, Молдова мен Румынияның әуе кеңістігіне дрон кірген кезде дабыл жарияланған.
Ал Financial Times басылымына сұхбат берген, президент ұшағының бортында болған дереккөз Норвегия премьер-министрінің мәлімдемесін растады. Оның болжамынша, бұл реактивті қозғалтқышы бар ресейлік "Шахед" үлгісіндегі дрон болуы мүмкін.
FT-ге сөйлеген аты-жөні аталмаған украиналық шенеунік дронның Зеленский мінген ұшаққа бағытталуы ықтимал екенін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, ұшқышсыз аппарат президент бортына жеткілікті деңгейде жақындаған.
Басылым дерегіне сәйкес, Зеленский дронды атып түсіру үшін украиналық F-16 жойғышын әуеге көтеруді ұсынған.
Украина билігі оқиғаға байланысты тергеу бастады. Дрон құлағаннан кейін зардап шеккендер мен материалдық шығын болған жоқ.